Біз бірлігімізбен күштіміз!

Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев пен Халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал санаттарының құқықтары жөніндегі уәкіл, Қазақстан Халық партиясының атынан сайланған Мәжіліс депутаты Кенжеғұл Сейтжан Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Құжаттарға қол қою барысында Артур Ластаев кез келген мемлекет адамның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын жоғары құндылықтар деп жариялай отырып, оларды қорғаудың және мүлтіксіз сақтаудың тиімді, әрі сенімді кепілдіктерін жасауға ұмтылатынын атап өтті.

– Бұл мәселеде біздің институттар маңызды рөл атқаратыны сөзсіз, - деп атап өтті омбудсмен. - Әрдайым халықтың әлеуметтік осал топтарының құқықтарын қорғау мен жетілдіруге ерекше көңіл бөлініп келеді.

1

Өткен жылы Ластаевтың кеңсесіне мүгедектігі бар адамдардан 120 өтініш келіп түскен. Шағымдардың басым бөлігі әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіруге, сондай-ақ МӘСК нәтижелерін қайта қарауға және тұрмыстық инфраструктуралық нысандар мен бос уақытты тиімді өткізетін орындардың қолжетімсіздігіне қатысты болды. Ластаев осы салаға маманданған, арнаулы омбудсменмен ынтымақтастық орнату осы мәселелерді шешудің неғұрлым нақты жолын табуға көмектесетінін атап өтті.

Меморандум жасасу - екі Уәкілге де ақпараттық-сараптамалық деректерді алмасып отыруға, бірлескен іс-шараларды өткізуге, соның ішінде халықаралық сипаттағы іс-шараларды және азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған басқа да жұмыстарды жүргізуде заңдылық базасына негізделген берік іргетас қалыптастыруға жағдай жасайды.

2

– Бұл менің Халықтың әлеуметтік осал санаттарының құқықтары жөніндегі уәкіл ретінде жасаған осындай жоғары деңгейдегі алғашқы меморандумым, - деп атап өтті Кенжеғұл Сейтжан. - Мен үшін бұл үлкен құрмет. Артур Ластаев - адам құқықтары саласында 20 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келе жатқан танымал сарапшы.

Халықтың әлеуметтік осал санаттарының құқықтары жөніндегі омбудсмен кеңсесінің алдағы жоспарында - бейінді министрліктермен және ведомстволармен, омбудсмен институттарымен, Бас прокуратурамен, ІІМ және т.б. меморандумдар жасасу және ынтымақтастық орнату басты басымдыққа ие. Сондай-ақ, алқалы жиындар мен пікірталастар өткізу, заңнамалық нормаларды ілгерілету, өңірлерде әкімдіктермен кері байланыс орнату және соның нәтижесінде халықтың әлеуметтік осал топтарының жинақталып қалған, көптен келе жатқан проблемаларын шешу мәселесі де маңызды болып қала бермек.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy