Бизнес үшін қауіпсіздікті құрбан етуге болмайды

dep.jpg

Қазақстан Халық партиясы Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілдерін құрылыс комиссияларының құрамына енгізуді ұсынды. Бұл сейсмикалық немесе сел қаупі бар жерлерде жүргізілген құрылыстың тәуекелінің алдын алуға мүмкіндік береді. Алайда ТЖМ бұл мәселеге ықылас танытпай отыр.

Еліміздегі ғимараттардың сейсмикалық қауіпсіздігі ҚР Үкіметі мен Төтенше жағдайлар орталығы арасындағы келісімді ратификациялау және табиғи апат қаупін азайту мәселесін талқылау шеңберінде сараланды. ТЖМ басшысы Юрий Ильин орталықтың Қазақстан аумағында болу шартын баяндады. Өз кезегінде депутаттар өзекті мәселені талқылауды жөн көрді. Олар Алматының көпқабатты үйлері алапат жер сілкінісінен зардап шегіп, адамдарды үйінді астында қалдырған Түркиядағы тұрғын үйлердің күйін кешпей ме деген мәселеге алаңдаушылық білдірді.

Қайғылы оқиғаларға жол бермеу үшін ТЖМ өз мамандарын құрылыс комиссияларының құрамына енгізуді ойластырып жүр.

– Біз бұл талапты 6 және 7 шақырылымдағы парламенттің сессияларынан бастап қойып келеміз, – деп атап өтті ҚХП фракциясының басшысы, депутат Магеррам Магеррамов. – Олар (ТЖМ мамандары - автор.) жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеу кезінен бастап, құрылыс аяқталғанға дейінгі аралықта барлығына бас-көз болуы тиіс. Бірақ біз ТЖМ тарапынан осы іске араласу бастамасын байқамай отырмыз.

Мәжілісмен мекеменің сылбырлығын Үкіметтің бастамашылдыққа ұмтылмайтындығымен түсіндіреді.

– 2016 жылы бізді тыңдаса, ендігі бұл мәселе заңнамалық тұрғыдан пысықталған болар еді. Сәйкесінше, жағдай да өзгерер еді, – деді М. Магеррамов. – Үйлер жаңа стандарттар бойынша бой көтерер еді. Біз бизнес үшін қолайлы жағдай жасау керек екенін түсінеміз, бірақ бұл адамдардың қауіпсіздігіне нұқсан келтірмеуі керек. Азаматтардың өмірі құрылыс салушының мүддесі үшін құрбандыққа шалынбауы тиіс.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy