Брайль қарпі - бұл өте маңызды!

dep.jpg

Қазақстан Халық партиясының парламенттік фракциясы Мәжілісте талқыланып жатқан ақпаратқа қол жеткізу және қоғамдық қатысу мәселелері бойынша заңнамаға бірқатар түзетулер енгізді. Олардың бастамашысы мәжілісмен Кенжеғұл Сейітжан болды. Түзетулер мүгедектігі бар адамдар(МБА) үшін ақпараттың қолжетімділігіне қатысты.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес мемлекет МБА-ға ақпаратқа, оның ішінде мерзімді, ғылыми, оқу-әдістемелік, анықтамалық-ақпараттық және көркем әдебиеттер шығару арқылы да қол жеткізуді қамтамасыз етеді. Депутат бұл тізімге «Брайльдің бедерлі-нүктелік қарпімен шығарылатын» деп қосуды ұсынады. Бұл өзгеріс Әлеуметтік Кодекстің қабылдануына байланысты күші жойылған «ҚР мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау туралы» Заңның бұрын қолданыста болған нормасын қалпына келтіреді.

– Брайльдің зағип және нашар көретін азаматтардың мәдениетін қалыптастырудағы және дамытудағы іргелі рөліне байланысты Брайль қарпін жеке атап өтудің маңызы зор, - деп санайды К.Сейтжан. - Брайль қарпін пайдалануды жан-жақты қолдау және көтермелеу БҰҰ Мүгедектердің құқықтары туралы Конвенциясы аясындағы ҚР міндеттемелерінің бірі болып табылады.

Бұдан басқа, мемлекет интернет-ресурстардың ұлттық стандартқа сәйкестігі арқылы мүгедектігі бар адамдарға ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Партия мүшелері ҚР СТ 2191 «Ақпараттық технологиялар: мүгедектігі бар адамдар үшін веб-контенттің қолжетімділігі» стандартын нақтылауды ұсынып отыр. Себебі заңнамада ұлттық стандартқа сәйкестік талаптары бар, бірақ олар нақты атаусыз жұмыс істемейді.

– Аталған норманың қолданылуына және пайдаланушылардың тәжірибесіне талдау жасау арқылы өткен кезеңде ешқандай ілгерілеушілік болмағанына көз жеткіздік, - дейді ҚХП депутаты.

Заң жобасы көру және (немесе) есту қабілеті бұзылған мүгедектердің пайдалануы үшін мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің интернет-ресурстарын бейімдеуді ұсынады. Бірақ, ҚХП депутаттарының пікірінше, бұл жеткіліксіз. Заң шығарушылар мемлекеттік қызмет көрсететін кәсіпкерлік субъектілерін өздерінің интернет-ресурстарын құру кезінде жоғарыда аталған ұлттық стандартты сақтауға ынталандыруды ұсынады.

– «Мүгедектердің құқықтары туралы» БҰҰ Конвенциясының 9-бабына сәйкес Қазақстан коммерциялық кәсіпорындарды, бизнесті, БАҚ-ты және т.б. мүгедектігі бар адамдарға олар үшін қолжетімді нысанда ақпарат беруге ынталандыру міндеттемесін қабылдады, - деп түсіндірді К.Сейтжан. - Осы нормамен Конвенцияның ережесін ұлттық заңнамада бекіту ұсынылады.

Мәжіліс депутаты ұсынылған түзету МБА үшін интернет-ресурстардың, екінші деңгейлі банктердің және мемлекеттік қызмет көрсететін басқа да субъектілердің цифрлық платформаларының қолжетімділігі проблемасын шешуге мүмкіндік беретініне сенім білдірді.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy