Қазақстанда уақыт белдеуін ауыстыруға қатысты қоғам пікірталасы әлі жалғасуда. Естеріңізге сала кетейік, 1 наурыздан бастап еліміздің барлық өңірі UTC+5 бірыңғай уақыт белдеуіне ауысқан еді.
Алайда, халықтың көпшілігі жаңа уақыт белдеуі қолайсыз екенін айтып, наразылық білдірді. Олар тіпті петиция жариялап, бірнеше күн ішінде 50 мың қол жинады. Қазір бұл мәселе бойынша жұмыс тобы құрылып, талқылаулар жүргізілуде.
Бұл өзгеріске қарсы пікірдің бастамашылары жергілікті сарапшылар, оның ішінде психологтар, әлеуметтанушылар, биологтар, заңгерлер, кәсіпкерлер және қоғам қайраткерлері болды. Олардың айтуынша, халықты бірыңғай уақыт белдеуіне ауыстыру ағзаға зиянды. Себебі ол адам өміріне маңызды гормон – мелатонин өндірісінің уақытын азайтады. Ал ол өз кезегінде ұйқысыздық, тұрақсыз психоэмоционалды жағдай, жүрек-қан тамырлары ауруларының қаупінің жоғарылауы сияқты тағы да басқа ауруларға әкеп соқтыруы ықтимал. Ал заңгерлер бұл шешім кулуарлы түрде, заңды процедураларды бұза отырып қабылданғанын айтады. Энергетиктер бұл бастамаға энергия шығындарының артқаны үшін қарсы шығып отыр.
Ал бұл процестің жақтаушылары бірыңғай уақыт белдеуінде өмір сүріп жатқан Қытайды мысалға келтіреді. Сондай-ақ, олар аз ғана уақыт бұрын енгізілген бұл өзгерістің оң немесе теріс әсері жайлы айту әзірге орынсыз деп санайды. Шынымен де аталған мәселе бойынша қандай да бір зерттеулер жүргізуге әлі ерте.
Алайда, уақытқа қатысты мәселе тек сарапшыларды ғана емес, сонымен бірге ел азаматтарын да алаңдатып отыр. Мәжіліс депутаты Ислам Сұңқардың айтуынша, осы мәселе өңірлердегі сайлаушылармен кездесулер кезінде жиі көтерілген.
– Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында күн ерте шығады. Соған байланысты өңір халқы шағымдарын жеткізіп, бұл мәселенің оңынан шешілуін сұрады. Яғни, бірыңғай уақыт белдеуіне көшу мәселесін қайта қарам, бұрынғы орнына қайтаруды өтінді, – деді депутат.
Ал аталған мәселе бойынша түпкілікті шешім тамыз айының басында қабылданады.