Биометриялық деректерді жинау мен жасанды интеллектті бақылаусыз пайдаланудың соңы үлкен мәселеге әкеп соқтыруы мүмкін. Бұл туралы өзінің депутаттық сауалында ҚХП парламенттік фракциясының жетекшісі, депутат Магеррам Магеррамов айтты.
Мәжілістің жалпы отырысында депутат бүгінде банктік қызметтен бастап, білім саласына дейінгі қарапайым қызметтерді көрсету кезінде азаматтардың бейнелері жазылып жатқанына тоқталды. Алайда бұл ақпараттың қауіпсіздігіне ешкім жауапты емес.
«Осылайша, азаматтарымыз дербес деректерді (биометрика) жинаудың субъектісіне айналуға мәжбүр болады. Нақтырақ айтсақ, азаматтар қызмет көрсетушінің қызметіне жүгінген соң ашық офертаға сәйкес ұялы байланыс операторлары мен банктер дербес деректерді үшінші тұлғаларға бақылаусыз және шектеусіз беру құқығына ие», - деп атап өтті депутат.
Алынған биометрия деректер базасында сақталып, иелерінің өтініші мен қалауын ескерместен бақылаусыз пайдаланыла береді. Дәл биометрияға ҚР Ұлттық Банкі мен ҚР ҚНРДА өкілдері азаматтарды алаяқтардан қорғау механизмі ретінде үлкен үміт артады. Алайда кішкентай ғана бөлшек сауда нүктесі иесінің өзі кез келген азаматтың биометриясына оңай қол жеткізетінін ескерсек, бұл құрал азаматтардың деректерін сақтауда еш қауқарсыз.
Оған қоса жасанды интеллекттің мүмкіндіктерінің артуы бұл мәселені одан әрі қиындатуда. Адамдардың шынайы биометриялық суретін жасау үшін бір ғана фотоға ие болу жеткілікті.
«Бұл жағдай – ұзақ уақыттан кейін іске қосылатын бомба сияқты. Уәкілетті орган миллиондаған азаматтардың деректер базасында орналасқан биометриясын қалай қорғамақ?, - деді депутат.
Білім алу барысында балалардың жасанды интеллектіні бақылаусыз қолданып жатқанына да назар аудару қажет. Қазір мектеп тапсырмаларының жауабын дайындап, қажет мәтіндерді әп-сәтте әзірлеп беретін ChatGPT жасанды интеллекетісі танымалдыққа ие болып отыр.
«Білім процесіндегі бұл тәсіл сыни ойлау қабілетін төмендетіп, білім сапасына теріс әсер етеді, салдарынан маңызды шешімдерді өз бетінше қабылдау қиындайды. Бұлай жалғаса берсе, еліміз зияткерлік әлеуетін жоғалтады. Тез шешім қабылдап, өмірдегі күрделі міндеттерді шеше алмайтын ұрпақты қалыптастырып жатырмыз», - деп алаңдаушылық танытты мәжілісмен.
Цифрлық прогресс ақылға қонымды бақылауды қажет етеді. Осы ретте ҚХП депутаттары білім беру ұйымдарында генеративті ЖИ-ды қолдануды реттеуді, жеке деректерді жинау, өңдеу және сақтаудың нақты және ашық механизмін қамтамасыз етуді, азаматтардың биометрикасын үшінші тұлғаларға заңсыз беруді тоқтатуды ұсынды