Дәрігерлер көрсетілмеген медициналық қызметтерді мобильді қосымшаға енгізген

dep.jpg

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі медициналық қызметтерді қосып жазудың алдын алуға бағытталған жаңа тетіктерді әзірлемек. Олар цифрлық технологияларға негізделіп жасалатын болады.

Кейінгі жылдары пациенттердің көбі өздерінің мобильді қосымшаларында көрсетілмеген медициналық қызметтер туралы жазбаларды байқаған. Тіпті, абсурдты жағдайлар да орын алған: әйелдер андролог консультациясына, ал ер адамдар жатырдың ультрадыбыстық зерттеуіне "барғанын" қосымшадан көріп, жағаларын ұстады. Ақыры бұл мәселе Денсаулық сақтау министрлігі назар аударды.

– Қосып жазылған қызметтер экономикалық зиян келтіріп қана қоймай, сонымен қатар қоғамның денсаулық сақтау жүйесіне деген сеніміне нұқсан келтіреді. Қолданыстағы бақылау мен мониторинг жүйелеріне қарамастан, олар мұндай оқиғалардың алдын алу үшін жеткіліксіз екені анық, – деді Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері.

Бүгінде министрлік медициналық қызметтерді қосып жазуды болдырмауға бағытталған жаңа тетіктерді әзірлеуге кірісті. Пациенттің барғанын және медициналық көмек алғанын растайтын цифрлық жүйені, сондай-ақ FaceID технологиясын пайдалана отырып пациентті сәйкестендіруді және пациенттің QR-кодын немесе бірегей цифрлық құжат кодын сканерлеуді енгізу ұсынылып отыр.

– Жақын арада олардың тиімділігін және елдің медициналық мекемелерінде практикалық қолдану мүмкіндігін анықтау үшін ұсынылған тетіктерді бағалау жүргізіледі, – деп мәлімдеді ведомстводан.

Бұған дейін Қазақстан халық партиясы фракциясының депутаттары ведомствоның цифрлық қосымшаларын, атап айтқанда, "Даму мед" бағдарламасын жалған ақпарат үшін бірнеше рет сынға алған болатын.

– Азаматтардың денсаулығына жауапкершілікпен қарау деген атымен жоқ! Мәселен, бір ер адам өзінде жүктіліктің сәтті өтіп жатқанын біліп таң қалса, артынша тағы бір адам кенеттен соқыр ішегінен "айырылғанын" көреді, ал тағы біреуі ешқайда бармай-ақ скринингтен "сәтті өткенін" байқайды. Бұл қызметтердің ешқайсысы көрсетілмеген болса да, мобильді қосымшаларында өздігінен пайда болған. Демек, медициналық сақтандыру қоры кейбір клиникалар үшін жемсауытқа айналып отыр, – деп күйінішін білдірген еді Ирина Смирнова өзінің депутаттық сауалында.

Осы ретте ҚХП депутаттары осы аталған мәселе бойынша тиісті тексерулер жүргізуді және көрсетілмеген қызметтер үшін қаржыны қайтаруды талап етті.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy