«Медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасы: дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуден бастап медициналық инфрақұрылымға дейін. Мәселелерді шешу жолдары. Медицинаның дамуы Қазақстан экономикасының драйвері ретінде» тақырыбында өткен дөңгелек үстелде медициналық көмек көрсету мәселелері талқыланды. Шараға Қазақстан Халық партиясының парламенттік фракциясы бастамашы болды.
Бұған дейін ҚХП-ның аймақтық филиалдары республиканың медициналық мекемелеріне мониторинг жасап, науқастар арасында сауалнама жүргізген болатын. Жүргізілген жұмыстар барысында бірқатар мәселелер анықталды: міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында қызмет көрсету сапасының төмендігі, бірнеше айға созылатын ұзын-сонар кезек, әсіресе нақты сала мамандарына жазылу қиын, құрал-жабдықтардың қолжетімсіздігі, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында дәрі-дәрмектің тапшылығы және т.б. Соның салдарынан денсаулығын сақтау үшін пациенттер міндетті медициналық сақтандыруды төлегеніне қарамастан, екі есе шығындалуға, яғни ақылы емханаларға баруға мәжбүр.
Экономист, ҚР Парламенті Мәжілісінің қоғамдық палатасының өкілі Айдархан Құсайынов отандық медицинадағы проблемалардың көбі оның «өзгермелі» статусына байланысты. Яғни, мемлекет оның қандай салаға тиесілі екенін нақтыламай отыр. Әлеуметтік сала ма немесе коммерциялық сала ма? «Әлеуметтік» болса шығындар бюджет тарапынан жұмсалып, медициналық қызметтердің құнын мемлекет белгілейді, ал бизнес – жеке тұлғалардың белсенді қатысуы мен нарықтық бағаларға негізделеді.
> «Менің ойымша, әрине, жағдайды түзетуге болады. Мәселен, сыбайлас жемқорлықпен күресу, тарифтерді қайта қарау арқылы. Алайда жүйелі проблемалар елдегі денсаулық сақтау саласына нақты анықтама берілмейінше жойылмайды», - деп атап өтті сарапшы.
«Сұңқар» компаниялар тобының бас директоры Қуаныш Керімқұлов қазақ медицинасының басты мәселесі – саланы дамытудың стратегиялық жоспарының жоқтығы мен оның болашағын жоспарлап отырғандардың жауапкершілігінің жоқтығы деп атап өтті. Ол медицинаны мемлекеттік қолдаудан бас тартуды және жалпы медициналық сақтандыруды қаржыландыруды бірнеше ӘМСҚ құру арқылы бәсекеге қабілетті ортаға беруді ұсынды.
Бірақ медицина ғылымдарының кандидаты, Астана медицина университетінің хирургиялық аурулар кафедрасының доценті Владимир Опенько қатысушыларға ҚР Конституциясын еске салды. Конституцияға сәйкес еліміздің әрбір азаматы денсаулығын қорғауға және медициналық көмектің кепілдік берілген тегін көлемін алуға құқылы. Әйтпесе, дәрігерлер пациенттерді емдеудің орнына оларды сабылтып қоятын болады.
«Еш жерде медицина арқылы қандай да табыс табу керек деген пікір жоқ. Егер біз қазір саланы коммерцияландыруға күрт бет бұрсақ, онда үлкен-үлкен мәселелер туындауы мүмкін», - деді Опенько.
Сонымен қатар, ол ДДҰ стандарттарына сәйкес, мемлекеттің медицинаға жұмсайтын шығыны ЖІӨ-нің 5,5%-ын құрауы тиіс екенін атап өтті. Ал бұл жерде Қазақстан «атышулы» Гондурастан да қалыс қалып отыр. Олар медициналық қызмет көрсету сапасы бойынша ДДҰ рейтингінде 190 елдің ішінде 50-ші орында (ЖІӨ-нің 3,9%) тұр, ал біздің республика бұл рейтингте 162-ші орында (ЖІӨ-нің 2,9%).
Талқылау қорытындысы бойынша дөңгелек үстелге қатысушылар өз ұсыныстарын айтты. Сондай-ақ олар Денсаулық сақтау министрлігінің қазіргі командасы жағдайды жақсы жаққа өзгертеді деген сенімдерін білдірді.