Мүгедектігі бар мопедшілер жүргізуші куәлігін қалай, қандай негізде және қандай шарттармен алады? Бұл мәселені Қазақстан Халық партиясынан сайланған Мәжіліс депутаты, ҚР Президенті жанындағы Халықтың әлеуметтік осал санаттарының құқықтары жөніндегі уәкіл Кенжеғұл Сейтжан көтерді.
Мәжілісмен ерекше қажеттіліктері бар адамдардың кейбір санаттары үшін мүмкіндіктердің айырмашылығын атап өтті.
– 2-3 топтағы мүгедектігі бар адамдар бар, мысалы, көлік жүргізе алатын тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдар, - деп нақтылады мәжілісмен. - Ал 2-3 топтағы мүгедектігі бар, көру қабілеті бұзылған адамдар да бар, олар да жүргізуші бола алады, бірақ белгілі бір шектеулері бар. Бұл заң жобасы аясында қалай реттеледі?
ІІМ вице-министрі Игорь Лепеха бұл мәселе қазақстандық заңнамада ескерілгенін атап өтті.
– Мұнда (заң жобасында - авт.) мопед жүргізушілері механикалық көлік құралдарының жүргізушілеріне теңестірілген, - деп түсіндірді вице-министр. - Сондықтан, көлік жүргізушілері үшін Денсаулық сақтау министрлігі жазып берген ұсыныстар мен талаптар мопед жүргізушілеріне де қатысты болады. Олар - жол қозғалысының толыққанды қатысушылары! Олардың жолда қалай жүруі өздерінің қауіпсіздігіне ғана емес, айналасындағы адамдардың қауіпсіздігіне де әсер етеді.
Естеріңізге сала кетейік, Парламент Мәжілісі мопедтерді толыққанды көлік құралы ретінде тануға ниетті. Бұл нормаларды қазір депутаттар қарауда. Мопедтерді басқару үшін қазақстандықтарға жеке «А1» санатындағы тіркеу және жүргізуші куәлігін алу, жыл сайынғы техникалық тексеруден өту, сондай-ақ міндетті сақтандыруды рәсімдеу қажет болады.