Мәжіліс Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы одақтастық қатынастар туралы шартты ратификациялады. Құжат екі республиканың түрлі салалардағы ынтымақтастығын көздейді.
ҚР Сыртқы істер бірінші вице-министрі Қайрат Омаров хабарлағандай, ең алдымен осыдан бір жарым жыл бұрын Ташкентте жасалған келісім сауда айналымын арттыруға жағдай жасайды. Бұдан басқа, екі ел де қандай да бір блоктарға, одақтарға немесе басқа тарапқа қарсы бағытталған қандай да бір іс-қимылдарға қатыспау жөніндегі өз міндеттемелерін растайды.
– Шарттың мақсаты Қазақстан-Өзбекстан қарым-қатынастарын өзара іс-қимыл мен екіжақты ынтымақтастықтың жаңа деңгейіне көтеру, - деп нақтылады Омаров, - сондай-ақ екі мемлекеттің тәуелсіздігін, егемендігін, аумақтық тұтастығын және орнықты экономикалық дамуын одан әрі нығайтуға жәрдемдесу болып табылады.
Бұдан басқа, Шартқа сәйкес тараптар екі мемлекеттің парламенттері, саяси партиялары мен қоғамдық ұйымдары арасындағы байланыстар мен қарым-қатынастарды нығайтуға жәрдемдесуге міндетті.
Бұл тармаққа Қазақстан Халық партиясының депутаты Кенжеғұл Сейітжан қызығушылық танытты. Мәжіліс депутаты: «әңгіме қандай бірлестіктер туралы болып отыр: әскери, азаматтық, спорттық немесе мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғауға қатысты ма?» деп сұрады.
Мәжіліс депутатының бұл сұрағына СІМ өкілдері «Келісім кең ауқымда жасалғандықтан, түрлі салалардағы, соның ішінде сіз қазір атап өткен салалардағы ынтымақтастыққа да мән беріледі», - деп жауап берді. – «Әрине, келісім шекті болып табылады, бірақ ол осы бағытта ілгерілеуге мүмкіндік береді».
Келісім Парламент Сенатына ратификациялауға жіберілді.