Мәжіліс бірқатар экономикалық құқық бұзушылықтарды қылмыстық сипаттан арылту мүмкіндігін талқылауда. Аталған тақырыпқа арналған алқалы жиын барысында Қазақстан Халық партиясының депутаттары «Кәсіпкерлер жазаны жеңілдетуді заңның әлсіздігі ретінде қабылдап қалмай ма?» деп сұрады.
Қылмыстық сипаттан арылту кәсіпкерлерді салық қылмыстары бойынша қылмыстық жауапкершілікке тарту нормаларының шектерін айқындаудың әділ тетігін енгізуге бағытталған. Бюджеттік кредитті заңсыз алу немесе мақсатсыз пайдалану, сондай-ақ бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептіліктің қателіктері сияқты заң бұзушылықтарды толық қылмыстық сипаттан арылту ұсынылады. Экономикалық контрабанда, салық төлеуден жалтару, кедендiк, демпингке қарсы және өтемақы баждары және т.б. үшiн жазаны iшiнара қылмыстық сипаттан арылту көзделген. Қаржы мониторингі агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесовтің айтуынша, түзетулердің басты мақсаты қылмыстық процесте азаматтар мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау болып табылады.
– Енгізілетін заңнамалық түзетулердің Парламенттегі қарау кезінде қолдау табатынына сенімдімін, - деп мәлімдеді ол.
Ал ҚХП фракциясының басшысы, Сот және құқықтық реформа комитетінің хатшысы, депутат Магеррам Магеррамов «Мұндай саясат ҚР Конституциясының нормаларына қаншалықты сәйкес келеді? Ата заңымыз бойынша салық төлеу әркімнің борышы мен міндеті болып табылмай ма?» деп сұрады.
– Қылмыстық сипаттан арылту кәсіпкерлерді ынталандыратын фактор бола ма, әлде керісінше әсер етіп кете ме? - деп сұрады мәжілісмен. - Мұндай тәсіл салық төлеушілерді біраз босаңсытып жіберіп, біз кері әсерге тап болып қалмаймыз ба?
Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) өкілдері «кері әсері болмайды» деп сендірді, өйткені, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекс қылмыстық сипаттан арылтуды жоймайды. Ал онда салықтар мен баж салықтарын төлемегені үшін қөомақты айыппұл төлеу көзделген. Егер ҚК 100 АЕК-ке жуық айыппұл салса, онда ӘҚБтК-де жаза 200-300 АЕК-ке дейін барады.
– Аталған құқық бұзушылықтар бойынша жауапкершілік жойылмайды, - деп атап өтті ҚМА қызметкерлері.