Елде белең алған жұмыссыздықты қалай жеңеміз?

dep.jpg

14 қазанда Мәжіліс депутаттары үкімет өкілдерімен бірге Қазақстанның еңбек нарығын дамыту және кадрлық әлеуетін нығайту бойынша өзекті мәселелерді талқылады.

Палатаның вице-спикері, депутат Дания Еспаева тұрақты экономикалық дамуға қол жеткізуде және қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруда еңбек нарығын тиімді басқару маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Үкіметтің алдында тұрған басты міндет – жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру, техникалық және кәсіптік білім беруді реформалау және еңбек адамдарының мәртебесін көтеру. Қазір елдегі еңбек нарығында жағдай мәз емес. Себебі, мемлекеттік бағдарламалар аясында ашылатын жұмыс орындарының көпшілігі уақытша, елде бейресми экономиканың үлесі жоғары, бұған қоса, халықтың мемлекеттік қолдауға тәуелділігі ұлғайып келеді, оқу бітірген жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі де жылдан жылға артуда. Былтыр колледж түлектерінің тек 40%-ы өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасқан, ал ЖОО бойынша мұндай статистика жоқ.

«Негізгі мәселелер білім беру жүйесінен еңбек нарығына көшу кезеңінде басталады. Яғни, жастар білім беру арқылы өз дағдыларын жетілдіре алмағанда немесе жұмыс тәжірибесі ала алмағанда», - деді Еспаева.

ҚХП парламенттік фракциясының жетекшісі Магеррам Магеррмаов та аталған мәселе елдің экономикалық өсімі мен әлеуметтік тұрақтылығына тікелей әсер етеді деп санайды.

«Кейінгі жылдары Үкімет кадрларды даярлау жүйесін жетілдіру, жаңа жұмыс орындарын құру және адами капиталды дамыту бойынша белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Алайда, соның бәріне қарамастан, жұмыссыздық мәселесі, әсіресе, жастар арасындағы жұмыссыздық және ауылды жерлердегі жұмыссыздық әлі де өзекті болып отыр», - деп атап өтті депутат.

Елдегі еңбек саласында кемшілік пен олқылық жетіп артылады. Ең негізгілерінің бірі ретінде, ел ішіндегі еңбек миграциясының туындауына ықпал ететін өңірлердің дамуындағы алшақтықты айтуға болады.

«Бейресми жұмыспен қамту әрекеттерімен күресу, жұмысшылардың құқығын қорғау, әсіресе шалғай және ауылдық жерлерде лайықты еңбек жағдайлары мен жалақыны қалыптастыру бойынша нақты шаралар қажет. Технологияның қарыштап дамып келе жатқанына байланысты болашақтың дағдыларын дамытуға да баса назар аудару керек», - деп түйіндеді депутат.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy