Елдегі кадр тапшылығымен қалай күресуге болады? Осы мәселе бойынша Қазақстан Халық партиясы өз тарапынан бірнеше әдіс-тәсіл ұсынды. Бұл туралы Мәжілістің бүгінгі жалпы отырысында ҚХП фракциясының депутаты Ислам Сұңқар айтты.
Қазақстандағы еңбек статистикасының көрсеткіштері көңіл көншітпейді. Елімізде жекелеген сала мамандарының: су шаруашылығы, құрылысшылар, энергетиктер және т.б. салалар бойынша мамандар өте тапшы. Оның үстіне, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау минисрлігінің болжамына сәйкес, кадр жетіспеушілігі алдағы уақытта одан сайын арта түспек. Мемлекеттік білім беру тапсырысы жылдан жылға артқанымен, елімізде мамандар жетіспейді. Осы ретте «неліктен?» деген сұрақ туындайды.
«Біз қазір отандық экономиканы дамыту үшін елде жұмысқа орналасудың орнына Оңтүстік Корея, Польша, Ұлыбритания, Чехия сияқты елдердегі қара жұмысты таңдайтын техникалық және жоғары білікті мамандарды дайындап жатырмыз», - деді Ислам Сұңқар.
Халықаралық көші-қон ұйымының 2023 жылғы мәліметінше, 193 мың қазақстандық еңбек эмигранттарының тізімінде тұр.
«Егер мемлекеттік білім беру тапсырысы жыл сайын бөлінсе де, кадр тапшылығы азаймай, тіпті ұлғая беретін болса, – деді мәжілісмен, – бюджет қаражатын кадрларды даярлауға жұмсаудың тиімділігі туралы мәселе туындайды.
Жағдайды жақсарту үшін ҚХП парламенттік фракциясы мемлекеттiк бiлiм беру тапсырысы негiзiнде оқыған азаматтарды меншiк нысанына қарамастан тиiстi салада өз бейiнi бойынша жұмыс істеуді мiндеттеуді ұсынды. Сонымен қатар, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын ірі кәсіпорындарға сенімгерлік басқаруға берудің нақты механизмін әзірлеп, халықаралық стандарттар бойынша тәуелсіз сертификаттауды енгізу қажет екенін де айтты. Бұған қоса фракция мүшелері «Дипломмен ауылға» бағдарламасындағы мамандықтар тізіміне орман, су және балық шаруашылығы мамандарын қосуды ұсынып отыр.