Отандық параспорт саласы қашанға дейін «қалдық қағидаты» бойынша қаржыландырылмақ? Қазақстандық параспортшылар кейде дәстүрлі олимпиада спортшыларына қарағанда жақсы нәтиже көрсеткенімен, Туризм және спорт министрлігі бұл салада қаржы үнемдеуді қалыпты жағдай деп санайды.
Паралимпиада чемпиондарының мәселесін ҚХП-дан сайланған Мәжіліс депутаты, халықтың әлеуметтік осал топтары құқықтары жөніндегі уәкілі Кенжеғұл Сейітжан көтерді. Ол спортты дамытуға бюджеттен 140 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінгенін еске салды. Алайда соған қарамастан, жақында өткен әлем чемпионатында пара-спортшылар ұлттық құрамасының мүшелерін спорттық киіммен де дұрыс қамтамасыз ете алмай қалды.
– Параспортқа, ымдау тілі спортына және тағы басқаларына тікелей бюджеттен қанша қаржы бөлінеді? Ал екінші сұрақ: мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған инклюзивті туризмді дамытуға бюджеттен қанша қаржы қарастырылған? – деп сұрады омбудсмен.
ҚР Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев Кенжеғұл Сейітжан айтып отырғандай, пара-спортшылардың мәселесін соншалықты өзекті деп санамайды. Оның айтуынша, әлем чемпионаты кезінде Қазақстанның пара-командасы жақсы жабдықталған. Сондай-ақ ол жыл сайын бөлінетін 3,7 млрд теңге (жалпы шығының 3%-ын да құрамайтын сома!) аула спорттан бастап, жоғары жетістіктер спортына дейінгі бүкіл параспорт саласын дамытуға жеткілікті екенін айтты.
«Туризм саласына барлығы 6,5 млрд теңге бөлінген. Инклюзивті туризмге бөлінетін сома соның ішіне кіреді», - деді вице-министр.
Елімізде параспортты қаржыландыру жағдайы мүлде мәз емес. Бұған көз жеткізу үшін әлем чемпионатына әртүрлі киіммен барған қазақстандық спортшылардың суретін көру жеткілікті.
«Біз жыл сайын өтінім береміз, бірақ ол қабылданбайды», - дейді Кенжеғұл Сейітжан ренішін білдіріп (ол өзі де параспортшы, әлем чемпионы және паралимпиада жүлдегері). - «Ақша жоқ!» деп, бөлінетін қаржыны қысқарта салады.
Инклюзивті туризм туралы сұрақтың жауабы да көңіл көншітпейді. Туризмнің бұл түрі Қазақстанда мүлде есепке алынбайтын сияқты. Себебі, оған кететін шығындарды жеке бап ретінде бөлу де қарастырылмаған.
«Яғни, бұл жауап вице-министрдің айтуынша, мүмкіндігі шектеулі жандар саяхаттауға және туристік сапарларға баруға лайық емес дегенді білдіреді. Оның жауабын солай түсіндім», - деді депутат.