Қазақстан халық партиясы Атырау облыстық филиалының төрағасы Балжан Досмұхамбетова ҚР Энергетика министрлігі Қоғамдық кеңесінің Астанадағы көшпелі отырысына қатысты. Күн тәртібінде "Астана-Энергия" АҚ ЖЭО-2 отын-энергетикалық кешені мәселелері қаралды.
Қоғамдық кеңес мүшелеріне 2-ЖЭО бойынша таныстыру экскурсиясы өткізілді және энергия объектісін кеңейту, шығарындылар бойынша экологиялық нормаларды сақтау, жөндеу жұмыстарының барысы және алдағы жылыту маусымына дайындық туралы ақпарат берілді.
Кеңес отырысы барысында Балжан Досмұхамбетова электр энергиясын бірыңғай сатып алушылар, нарықты одан әрі дамыту және оның болашағы туралы сұрақтарға бастамашы болды.
– Энергия жүйесіндегі теңгерімсіздіктің артуы, электр станцияларындағы авариялардың жиілеуі, электр энергиясының болжамды тапшылығы сияқты бірқатар факторларды ескере отырып, электр энергетикасы нарығын түбегейлі өзгерту қажет, – деп атап өтті ҚХП Атырау филиалының басшысы.
2023 жылғы 1 шілдеге дейін электр энергиясын сатып алу-сату энергия өндіруші ұйым мен тұтынушы арасында екіжақты шарт жасасу арқылы орталықтандырылмаған нарықта жүзеге асырылып келді. Қазір жаңа заңнамаға сәйкес, электр энергиясын бірыңғай сатып алушы институтын және электр энергиясының теңгерімдеуші нарығының (БРЭ) нақты уақыт режимінде жұмыс істеуін енгізу көзделген. Бірыңғай сатып алушы болып "ЖЭК қолдау жөніндегі ҚЕАО" ЖШС, ал ЭТН-нің есеп айырысу орталығы ретінде "KOREM" АҚ анықталды.
– Бірыңғай сатып алушы мен теңгерімдеуші нарықты нақты уақыт режимінде енгізе отырып, тәуліктік кестеден ауытқыған жағдайда қаржылай жауапкершілік қарастырылған. Сондай-ақ қарбалас сағаттарда тапшылықты жою үшін және жөндеуге шығарылған жетіспейтін өндіруші қуаттарды ауыстыру үшін электр энергиясын жоспарлы жеткізуді ұйымдастыру мүмкіндігі де бар. Одан бөлек, бүгінде Бірыңғай сатып алушы қымбат және арзан электр энергиясын араластыра отырып тұтынушыларға бірыңғай, орташа бағаны ұсынады, – деді отырыс қатысушылары.
Жаңа модельдің енгізілуі электр энергиясын сатып алу және сату кезінде алыпсатарлық операцияларды болдырмауға, тапшылық кезінде импорттық энергияны жоспарлы сатып алуды қамтамасыз етуге және бірқатар оң тенденцияға мүмкіндік береді.