Елге көміртегі бейтараптығына қол жеткізудің жаңа стратегиясы қажет

Қазақстанға көміртегі бейтараптығына қол жеткізудің нақты стратегиясы қажет, деп есептейді Қазақстан Халық партиясы. Қолданыстағы жоба біздің ел ратификациялаған Париж келісімінің халықаралық талаптарына сай емес.

Қазіргі уақытта күн тәртібіндегі аса маңызды және өзекті тақырып климаттың өзгеруіне қарсы күрес және қоршаған ортаны қорғау шаралары болып табылады, деп атап өтті Мәжіліс депутаты Айжан Сқақова. Оның айтуынша, ҚР Президентінің тапсырмаларына және экологияға жұмсалатын шығындардың өскеніне қарамастан, Қазақстан 2021-2022 жылдары климаттың өзгеруіне қарсы күрес жөніндегі 64 елдің рейтингінде соңғы қатарда тұр.

Қазіргі жағдайда Қазақстанға 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясын қабылдау өте маңызды. Ұлттық экономика министрлігі құжаттың жаңартылған нұсқасын әзірлеп, таныстырды, бірақ өкінішке қарай, ол халықаралық талапқа сай келмейді.

«Стратегияның мақсаты экономиканың төмен көміртекті дамуға көшуін ғана көрсетпеуі тиіс. Ол елдің экологиялық, энергетикалық және азық-түлік қауіпсіздігі мен Халық денсаулығы үшін климаттық тәуекелдерді төмендету тетігін қамтамасыз етуі керек», - деп атап өтті ҚХП депутаты.

Атмосфераны ластау – өзекті мәселе. Тек 2021 жылы өнеркәсіптегі осы көрсеткіш 1990 жылғы деңгеймен салыстырғанда 144,2 %-ға жетті.

«Іс жүзінде ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар үшін Қазақстанның халықаралық міндеттемелері мен ұлттық стратегиясының міндеттемелік күші жоқ», – деп түсіндірді мәжілісмен.

Стратегияда климаттық тәуекелдерді азайту үшін ең сенімді негіз болып табылатын табиғи экожүйелерді сақтау назардан тыс қалған. Сондай ақ құжатта климаттың өзгеруіне бейімделу бойынша шара қарастырылмаған.

«Стратегияда прогресті бағалау үшін нақты индикаторлар жоқ, бұл оның мазмұны бойынша стратегияға емес, тұжырымдамаға көбірек ұқсайды деуге негіз береді. Стратегия жобасының мұндай нұсқасында Қазақстан көміртегі бейтараптығына қол жеткізе ме және ел қабылдаған міндеттемелер қалай орындалады деген сұрақ жауапсыз қалады?», - деп түйіндеді ҚХП депутаты.

Қазақстан Халық партиясы Үкіметке ұсынымдарды қарауды және халықаралық стандарттарға сәйкес ғылыми сараптама жүргізе отырып, қысқа мерзімде стратегия жобасының мазмұнын пысықтауды ұсынды.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy