Елімізде жетім балаларды қабылдайтын кәсіби отбасы институты енгізілмек

dep.jpg

Қазақстанда жетім балаларды қамқорлығына алатын кәсіби отбасы институты пайда болады. Мәжіліс білім беру және балалардың құқығын қорғау мәселелері бойынша заңнамаға тиісті түзетулерді енгізіп жатыр.

Білім министрі Ғани Бейсембаевтың айтуынша, кәсіби отбасы түріндегі баламалы төрт санаттағы балаларға қатысты болады.

«Олар: жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, панасыз және көшедегі балалар, сондай-ақ олардың отбасындағы зорлық-зомбылық құрбандары», - деді министр.

Қазақстан Халық партиясы парламенттік фракциясының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов мұндай жаңашылдықтың қажет екеніне күмән білдірді. Ол елімізде қазірдің өзінде балаларды қамқорлыққа алудың бірнеше түрі бар екенін еске салды: бала асырап алудан, қамқоршылықтан немесе патронаттан бастап баланы патронаттық отбасына немесе мемлекеттік мекемеге орналастыруға дейін.

«Бұл институттың жетім балаларды қамқорлыққа алудың өзге түрлерінен айырмашылығы неде екенін түсіндіріп беріңізші. Мұндай балама нысанды енгізу қажеттілігі неден туындады және бұл ретте балаларды қамқорлыққа алуда басым құқық олардың туыстарына беріле ме?», - деп сұрады мәжілісмен.

Бейсембаев мұндай асырап алушы кәсіби отбасылар балалар патронатты тәрбиеге немесе мемлекеттік мекемелерге тағайындалғанға дейін болатын кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтарына балама болады деп түсіндірді.

«Бұл нысанды енгізу қиын өмірде жағдайға тап болған балаға бірден мемлекеттік ортаға түспей, өзіне таныс отбасылық ортада қалуға мүмкіндік береді. Ал бұл психологиялық тұрғыдан оған өзін жайлы сезінуге көмектеседі. Осыдан-ақ аталған норманың тиімділігі түсінікті деп ойлаймын», - деп жауап берді министр.

Әрине, кәсіби қабылдаушы отбасыларға ерекше талаптар қойылмақ. Олар балаларға қолайлы жағдай жасай алатын, тұрғын үйі бар 30 бен 53 жас аралығындағы Қазақстан Республикасының азаматтары болуы керек. Кәсіби қабылдаушы отбасы мәртебесін алуға ниетті отбасылар қорғаншылық және қамқоршылық органдарында психологиялық дайындықтан және аккредиттеуден өтуі тиіс. Министр бұл ретте жетім баланың туыстарына қатысты артықшылықтар болатынын атап өтті.

«Қазір қамқорлықтағы балалардың 90 пайызы туыстары мен жақын адамдарының қолында», - деп нақтылады Бейсембаев.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy