Еліміздің өнеркәсібі не өндірумен айналысады?

dep.jpg

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Парламенттегі Үкімет сағаты барысында Мәжіліске «Жаңа өнеркәсіптік саясат - өңдеуші өнеркәсіпті дамытудың сапалы жаңа моделі» атты баяндамасын ұсынды.

Министрдің айтуынша, қазір елімізде бәсекеге қабілетті, өнімділігі жоғары және экспортқа бағытталған өңдеу өнеркәсібін құруға негізделген индустрияландыру саясаты кезең-кезеңмен іске асырылуда.

– Жалпы алғанда, өңдеуші сала бойынша өнім өндірісі оң серпін көрсетіп отыр, - деді Шарлапаев. - Өнеркәсiптiк саясаттың негiзгi мақсаты iшкi қайта өңдеудi ұлғайта отырып, дамудың шикiзаттық моделiнен бас тарту болып табылады. Бұл мақсатқа инвестиция тарту, жобаларды іске асыру және жүйелі шаралар жүргізу есебінен жоспарлы түрде қол жеткізіп келеміз.

Алайда, мәжілісмендер Өнеркәсіп министрлігінің басшысының «ерекше ынта мен жасампаздыққа толы» баяндамасына оң баға бермеді, әрі мақұлдамады, ал сөз жүзіндегі сандарға сенбеді. Бізде инвестицияларды тексеруге бір жолғы төлемдерді қарау секілді көзқарас қалыптасты, машина жасау кәсіпорындары ең жақсы дегенде құрастыру цехынан әріге бара алмады, ал жарияға жар салып жүріп ашылған зауыттар аз уақыт ішінде үн-түнсіз, ізім-қайым жоғалып кетіп жатты.

Нақты жағдайды білу үшін Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова «Өңдеу өнеркәсібі одағы» ЗТБ басқарма төрағасы Марат Баққұловтан ақпарат сұрады. Оның пікірінше, отандық өндірушілердің ең басты проблемасы қаржыландырудың қолжетімсіздігі болып табылады.

– Иә, өңдеуші өнеркәсіпті 3-6% жеңілдетілген мөлшерлеме бойынша станоктар мен жабдықтардың лизингін ұсыну арқылы негізгі құралдарды жаңартуға қол жеткізуді қамтамасыз ету үшін құрылған Өнеркәсіпті дамыту қоры бар, - деп атап өтті мәжілісмен. – Дей тұрғанмен, осы қор арқылы өңдеу өнеркәсібінде бар-жоғы 64 жоба ғана қаржыландырылған.

Сонымен қатар, Мәжіліс депутаттарының алдында есеп беріп тұрған Өнеркәсіп министрлігі басшысының мінез-құлқы да жағымсыз көзқарас тудырды. Сала басшысы айтылған сынға қарсы озбыр мінез танытып, айтылған проблемаларды елемеді, кемшіліктерді мойындағысы келмеді.

– Ауыз толтырып айтарлық жетістігі жоқ министрліктің министрі шектен тыс өз-өзіне сенімді болып, ешқандай да тәуекелге бармай, ұсыныстар мен ескертулерді естігісі келмесе, бұл алаңдатарлық жағдай,-деді Ирина Смирнова.

Үкімет сағатының қорытындысы бойынша Мәжіліс депутаттары бірқатар ұсыныстар жасап, олардың орындалуын қатаң бақылауға алуға уәде берді.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy