Ең төменгі жалақының әділ деңгейін белгілеу заңмен бекітіледі

dep.jpg

Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова ҚР Үкіметінің "Дамушы елдерді ерекше ескере отырып, ең төменгі жалақыны белгілейтін конвенцияны (131-конвенция) ратификациялау" туралы шешіміне түсініктеме берді. Тиісті заң жобасы жақында "Ашық НҚА" сайтында жарияланды.

Құжаттың мақсаты – қызметкерлер мен олардың үй шаруашылықтарының қажеттіліктерін ескере отырып, ең төмен жалақының әділ деңгейін белгілеу. Ол экономикалық қызметтің барша саласында және барлық жұмысшы санатына қолданылады. Сарапшылардың пікірінше, осы тәсіл арқылы жалдамалы қызметкерлердің ең төменгі жалақысы шамамен 130 мың теңге болуы мүмкін. Бұл ретте ЕТЖ заң күшіне ие және оны төмендетуге рұқсат етілмейді. Ал оны есептеу кезінде қызметкерлер мен олардың отбасыларының қажеттіліктері, өмір сүру құны, әлеуметтік жәрдемақылар және басқа да әлеуметтік топтардың салыстырмалы өмір сүру деңгейі сияқты факторлар ескеріледі. Қазақстанда ұзақ уақыт бойы ЕТЖ ең төменгі күнкөріс деңгейінде белгіленді және нақты есептеу әдіснамасының болмауына байланысты ел бойынша орташа жалақыдан едәуір төмен болды.

– Жарты жыл бұрын Қазақстан халық партиясы жұмыс істейтіндер арасындағы кедейлік мәселелері бойынша сараптамалық кездесулер мен парламенттік талқылаулар өткізді. Одан бөлек, 7-шақырылымда біз бұл туралы Мәжіліс отырысы барысындағы депутаттық сауалдарымызда бірнеше рет айттық, – деп нақтылады ҚХП депутаты Ирина Смирнова.

Мәжілісмендер ЕТЖ мөлшері елімізде 85 мың теңгеге жеткенімен бұл сома әлі де өте аз екенін айтты.

– Жалақы мәселесін қолдан реттеу мүмкін емес. Біреуін көтерсе, басқалары ұмыт қалады. Жалақыдағы алшақтық та тым көп. Бұл тіпті мемлекеттік қызмет саласында да байқалады, – деді депутат.

Былтыр қыркүйек айында ҚХП осы мәселені көтеріп, талдау үшін Парламентаризм институтына жіберді. Осыған ұқсас тармақ ҚХП-ның сайлауалды бағдарламасына енгізілген болатын. Қазір бұл бастаманы жүзеге асыруды Үкімет Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі арқылы қолға алды.

– Бастамасы жаман емес. Мәселенің қаншалықты күрделі әрі шешімін табу қажет екенін түсінген болар, – деді Смирнова.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy