Қазақстан Халық партиясы парламенттік фракциясының Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында депутаттар Мамлют ауданында болды.
Өткен жылы облыстық маңызы бар қалалар мен аудандар әкімдерінің сайлауында ҚХП өкілі Елена Степаненко Мамлют ауданының әкімі болып сайланған болатын. Енді жаңа әкім жергілікті мәслихат өкілдерімен және азаматтық белсенділермен бірлесе отырып, партияластарын ауданның тыныс-тіршілігімен таныстырып, әлеуметтік-экономикалық жағдайдан мәлімет берді. Бұдан басқа, депутаттар полиция және өртке қарсы қызмет қызметкерлерімен кездесулер өткізді. Сондай-ақ медициналық, коммуналдық және демалыс инфрақұрылымы нысандарын аралады, шешімін таппай тұрған мәселелерге мән берді. Дәрігерлер білікті мамандардың, әсіресе арнайы мамандардың жетіспеушілігіне шағымданса, аудандық қазандықтың қызметкерлері отын қалдықтарын өңдеудегі қиындықтарды айтты.
Одан кейін, ҚХП фракциясының жетекшісі, депутат Магеррам Магеррамов бастаған депутаттар делегациясы халықаралық маңызы бар «Челябі-Новосібір» тас жолының қазақстандық учаскесін аралап көрді.
– 2017 жылдан бастап осы күнге дейін бұл трассаны жөндеп біту мүмкін болмай келеді, - деп түсіндірді мәжілісмен. – Жолды жөндеу жұмыстарын аяқтау үшін қосымша қаражат бөлу қажет болар.
Одан кейін депутаттар Щучье ауылына барды. Мұнда олар «Белое-Агро» ЖШС кәсіпорнында болып, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің жарқын үлгісін көрді. Серіктестік ауылды жаңаша гүлдендіріп, ерекше өркендетіп тастаған : мұнда тұрғын үйлер салынуда, спорт зал жұмыс істейді, балабақша мен мектеп салу жоспарда тұр. Бір кездері жақсы өмір іздеп кеткен халық біртіндеп қайтып келіп жатыр. Дәл осындай мысал ретінде Мыңкесер ауылындағы «Мәмбетов и Ко» тауарлы-сүт фермасын да айтуға болады. Мұнда да кәсіпкер өз қызметкерлерінің лайықты баспанасы болуы мен бос уақытын дұрыс өткізуіне жағдай жасайды.
– Мұндағы адамдардың болашаққа деген нық сенімі бар, - деді Магеррамов. - Осындай әлеуметтік жауапкершілігі жоғары кәсіпкерлеріміз көп болса деп тілейміз.