Қазақстанның зияткерлік меншік құқықтарының сауда аспектілері бойынша Келісімге толықтырулар енгізетін Хаттаманы ратификациялауы отандық фармацевтикалық индустрияны дамытуға жаңа серпін береді. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында Қазақстан Халық партиясының депутаты Гаухар Танашева мәлімдеді.
Құжат ДСҰ-ға мүше елдер үшін дәрілік заттарды құқық иесінің рұқсатынсыз мәжбүрлі лицензия бойынша өндіру мүмкіндігін көрсетеді. Оның үстіне, коммерциялық мақсатта болмаса да, ішкі нарық үшін ғана емес, экспортқа да жол ашылып отыр.
– Хаттама барлық ДСҰ-ға мүше мемлекеттерді бағасы арзан дәрілік заттармен қамтамасыз ету мүмкіндіктерін айтарлықтай жақсартады, - деп нақтылады Танашева. - Мұндай препараттарды өздері шығара алмайтын елдерде дженериктерді сатып алудың баламасы пайда болады, олар сапасы жағынан ерекшеленбесе де, арзан, демек, түпнұсқаға қарағанда қолжетімді болуы мүмкін.
Хаттаманы ратификациялау қазақстандық фармацевтикалық сектор үшін қосымша ынталандыру қызметін атқарады. Біздің республикамызда бұл салада көптеген жылдар бойы жұмыстар атқарылып келеді, қазақстандық зертханалар обаға қарсы вакциналар жасап келеді, оларды көрші мемлекеттер табысты сатып алуда. Осылайша, Қазақстан бубон, ал кейбір жағдайларда өкпе обасы ауруларынан қорғайтын әлемдік нарықта лицензияланған обаға қарсы төрт вакцинаның бірін шығарады. Сонымен қатар, пандемия кезінде біздің еліміз COVID-19-ға қарсы вакцина да шығарған болатын.
2021 жылы "Қазбиофарм" ұлттық холдингі "АҚ ұйымдастырылды. Осылайша, Гаухар Танашева атап өткендей, Қазақстанда өз қажеттіліктері үшін де, дәрі-дәрмектерді үшінші елдерге экспорттау үшін де қажетті препараттарды өндіруді жүзеге асыруға барлық мүмкіндіктер бар.
Хаттама ратификациялау үшін Парламент Сенатына жіберілді.