«Хабар» телеарнасында қорытынды партияаралық пікірталас өтті. Теледебатқа Мәжілістегі орындарға үміткер 7 бәсекелес партияның өкілдері қатысты. Қазақстан Халық партиясы атынан Оксана Әубәкірова сөз сөйледі.
Пікірталас тәртібі бойынша алғашқы айналымға 2 минут берілді. Осы уақыт аралығында спикерлер партия бағдарламасын таныстырып, саяси бәсекелестерінің сұрақтарына жауап берді.
– Сенім. Адамды алға жетелейтін де, өмірден түңілдіретін де – сенім. Сенімсіз біз өмір сүре алмаймыз. Алдымен Құдайға, сосын өзімізге сенеміз. Бірақ өзгеге жоқ, сенбейміз. Өйткені ол сенімді жоғалтып алдық – деп бастады әңгімесін О.Әубәкірова. – Қазақ халқы аштықты да, соғысты да көрді.
Қабырғасы қайысса да, бар ауыртпалыққа төтеп берді. «Бақытты өмірге» лайық емес деуге ешкімнің дәті бармас. Өзге елге кетіп, не «мен үшін бәрі әлдеқашан шешіліп қойған» деп үйде отыру қиын емес. Мен де солай ете алар едім. Алайда, міне, кешкі сегізде, бір жастан енді асқан баламды тастап, халық алдына шықтым. Еріккеннің ісі ме? Өз басым ұлым әскерден аман келсін, балаларым күнделікті нәпақасын іздеуді ғана ойламасын, ғалым болсын, елге еңбегі сіңсін, абыройлы болсын деп армандаймын. 63 жасқа дейін жұмыс істеуге мәжбүр болғанша, дер кезінде зейнетке шығып, парасатты ұрпақ тәрбиелесем деймін. Бұл барлық ананың тілегі деп білемін.
Бірінші айналымның екінші кезеңінде Оксана Әубәкіроваға «Байтақ» партиясының төрағасы Азаматхан Әміртай Халық партиясының бағдарламасында қоршаған ортаны қорғау бойынша қандай бөлімдер бар екенін сұрады.
Өз кезегінде Оксана Әубәкірова: – Біз тағдырдан теперіш көрген көпбалалы аналардың, жұмыссыздардың, шахтерлардың, металлургтердің партиясымыз. Біздің соңымызда 8 млн несие қамытына байланған әлеуметтік әлсіз топ тұр. Неге бізге енді экология мәселесін артып отырсыз? Егер, ертең Парламентке өте алмасаңыз, біз Сіздің бағытыңызды, яғни экологияға қатысты мәселелерді де көтеруге әзірміз! – деді.
Екінші айналымның бірінші кезеңінде Оксана Әубәкірова: – Бүгін 16-наурыз. Осыдан тура бір жыл бұрын, 2022 жылғы 16-наурызда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын жариялады! Ол саяси реформалардың жоспарын ұсынды. Саяси партияларды тіркеу шарты өзгерді. Екі жаңа партия тіркелді. Партия қатарына енбеген азаматтарға конституциялық сайлану құқығы қайтарылды. Еліміздің жүздеген азаматтары бір мандаттық округтер бойынша мәслихаттар мен Мәжіліске кандидатураларын ұсынды! – деді.
Осыдан соң спикер партия қарапайым адамдардың, көпбалалы отбасылардың, әйелдер мен балалардың, жастар мен жас отбасылардың құқығын қорғайтынын атап өтті. – Біз кеншілер мен металлургтердің партиясымыз! Біз кәсіподақтар партиясымыз! Біздің сапта миллиондаған жұмысшылар бар. Біз ауылды дамыту, қандастарды Отанға көшіру бағдарламаларын әзірледік! Біз стратегиялық салаларды мемлекетке қайтарамыз! Ол өзге бағдарламалардан оқ бойы озық тұр, – деді Халық партиясының өкілі.
Екінші айналымның екінші кезеңінде көрермендер сұрағына кезек берілді. Жалпы, тікелей эфирге партияларға бағытталған 2000-нан астам сұрақ келіп түсті.
Алматы қаласының тұрғыны Нағима Болатова Халық партиясының мүшесіне: – Халық партиясы әлеуметтік әділеттілік орнату жолында еңбек етіп келеді. Сіздер зейнет жасын төмендету туралы жиі мәселе қозғайсыздар. Бұл жеңілдік қай санатқа бағытталып отыр? – деген сауал жолдады. – Бізде кеншілер 63 жасқа дейін жұмыс істейді. Олар зейнеттің қызығын көрмесе, бұл өмірдің мәні не? – деді спикер. – Аналар балаларын тәрбиелеудің орнына 63 жасқа дейін жұмысқа жегіледі. Бұл қандай әділеттілік? Өкінішке қарай, ата-аналардың екеуі бірдей жұмыс істеуіне байланысты елімізде қаншама жазатайым оқиғалар тіркелді. Халық партиясы мұндай әділетсіздікке түбегейлі қарсы!
Қорытындысында партия өкілдері сайлаушыларға бір жарым минуттық үндеу жолдады.
Бұл ретте партия мүшесі Оксана Әубәкірова қатардағы азамат ретінде сайлаушыларға жүрекжарды сөзін арнады. – Қазір мен сіздерге саяси партияның өкілі немесе саясаткер ретінде емес, қатардағы азамат ретінде үндеу жолдап тұрмын. Мен әйелмін, екі баланың анасымын. Халық Сіз бен біз секілді жекелеген азаматтардан құралады. Қазір біз, Қазақстан халқы, тарихи жолайрықта тұрмыз. Сондықтан дұрыс таңдау жасау қажет. Әрбіріміз өз таңдауымызға саналы түрде жауап береміз. Осы қадам арқылы Біз – жаңа, әділетті Қазақстанның Парламенттік құрамын қалыптастырамыз. Осы қадам арқылы Біз – өзіміздің және балаларымыздың болашағын айқындаймыз. Сондықтан алдағы сайлауда белсенді болайық! – деді спикер.
Айта кетейік, Парламент Мәжілісі мен өңірлік мәслихаттарға кезектен тыс сайлау 2023 жылдың 19 наурызында өтеді.