Бізге Түркия мен Сирияда орын алған табиғи апат сабақ болуы тиіс. Қазақстан Халық партиясының депутаттары еліміздің сейсмикалық және сел қаупі бар аумақтарындағы көпқабатты тұрғын үйлер мен әкімшілік ғимараттардың құрылысына қатысты өзекті мәселені көтерді.
Жер учаскелерінің географиялық ерекшелігін ескермей, бей-берекет салынған құрылыс тұрғындарға қауіп төндіреді деп санайды Мәжіліс депутаты Ислам Сұңқар.
– Алматыда көпқабатты тұрғын үй кешендерінің құрылысы жердің тектоникалық құрылымы нашар тұстарында белсенді жүргізілуде, – деді ҚХП депутаты Мәжілістің пленарлық отырысында. – Мұнда 100-ден астам көппәтерлі тұрғын үй салынып жатыр.
Үлкен Алматы және Ақсай өзендерінің бассейндерінде 122 сел қаупі бар учаске, 114 мұздық, мореналық көлдер орналасқан. Су қорғау аймақтары шегінде ғимарат құрылысын жүргізуге заң жүзінде тыйым салынғанына және Алматы қаласы кенеттен болатын қысқамерзімді сел ағынының аумағында орналасқанын растайтын тарихи тәжірибеге қарамастан, қалада «Үлкен Алматы», «Есентай (Весновка)» және «Кіші Алматы» өзендерінің ескі арнасында көпқабатты тұрғын үй кешендері нысандарының құрылысы белсенді жүргізілуде.
– Алматыдан бөлек, Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Жетісу және Шығыс Қазақстан облыстарының 40%-ға жуық тұрғындары тұратын қалалары мен елдімекендері сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқан, – деп атап өтті И. Сұңқар.
Қазақстан Халық партиясы мәселенің әлеуметтік маңыздылығын ескере отырып, теріс салдардың алдын алу мақсатында Үкіметке құрылысқа рұқсат беру құжаттарын тапсыру заңдылығына ерекше назар аударуды ұсынды. Бұған қоса нормативтерді, ережелерді, құрылыс нормаларын қайта қарауды және Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі мамандарының жобалық-сметалық құжаттарды дайындауға қатысуын, адамдар жаппай шоғырланатын тұрғын үйлердің құрылысы мен пайдалануға берілуін бақылауды қамтамасыз ету қажеттігіне назар аударуды талап етті.