Қазақстан Халық партиясы студенттік жатақханалардағы орын тапшылығын уақыт оздырмай шешу қажет деп санайды. Бұл бастаманы Мәжіліс депутаты Ислам Сұңқар көтерді.
Ресми статистикаға сәйкес, 2022-2023 оқу жылында жоғары оқу орындарының жатақханаларындағы тапшылық 61 435 орынды құрады. Тапшылықтың теріс көрсеткіші бойынша Алматы (32 718 орын) мен Астана (14 570 орын) «көш бастады». Жатақханалардағы орын тапшылығы өз алдына, олардың жағдайы да сын көтермейді. Себебі басым бөлігі өткен ғасырдың ортасында салынған.
– Ғимараттардың тозу көрсеткіші 50%-дан асқан, – деді И.Сұңқар. – Жатақханалар жыл сайын косметикалық және күрделі жөндеуден өтетініне қарамастан, апатты жағдайға жеткен. Біз орын тапшылығын ғана сезініп отырған жоқпыз, студенттерді өмірге қауіп төндіретін жатақханаларға орналастырып жатырмыз.
Бейінді министрліктер қол қусырып қарап отыр деуге болмайды. Олар мемлекеттік тапсырысты орналастыру тетігін әзірледі. Алайда мұндай шаралар жеткіліксіз және ол инвесторлар үшін тартымды емес. Жаңа жатақхана салу бойынша жүзеге асырылып жатқан шаралар пайда болған тапшылықты ғана жауып отыр. Мәселе түбегейлі шешіліп жатқан жоқ.
Қазақстан Халық партиясы шет мемлекеттердің тәжірибесіне жүгінуді ұсынды. Еуропада студенттерге жалға берілетін жылжымайтын мүліктің барлық санаты қалыптасқан. Арнайы жабдықталған пәтерлер 3-7 студенттің бірге тұруына лайықталып, жатақханаға айналған.
– Біз осындай пәтерлерге инвестиция салуға жеке инвесторларды қызықтыру қажет деп санаймыз, – деді И.Сұңқар.
ҚХП мүдделі ведомстволарға студенттік тұрғын үйді субсидиялаудың қолданыстағы тетігін қайта қарауды ұсынды. Атап айтқанда: пәтерді қайта жабдықтау мен студенттердің пәтерде бірге тұруы үшін жалдау шығынын субсидиялау мәселерін қарастыру және тұрғын үй кеңістігін неғұрлым ұтымды пайдалануға мүмкіндік беретін санитарлық нормаларды қайта қарау.