Арал теңізінің мәселелерін шешу, Көкарал бөгетін салу және Сырдария бассейніндегі гидроқұрылыстарды күрделі жөндеу – 10 жыл бұрын жоспарланған еді.
Алайда, қазір бұл жобалар аяқталғаны былай тұрсын, басталмады да. Қазақстан Халық партиясының депутаттары жобалардың тұралап тұрғандығының себебін анықтауға ниетті.
– Әрекетсіздіктің басты себебі, сарапшылардың пікірінше, бұл мәселе бойынша нақты мемлекеттік ұстанымның болмауы, – деді Мәжіліс депутаты Айжан Сқақова. – Жауапкершілікті бір мемлекеттік органнан екіншісіне ауыстыруда және Орталық Азия елдерімен мемлекетаралық ынтымақтастықтың осалдығында.
2022 жылдың наурыз айында Қазақстан Халықаралық Аралды құтқару қорының орнықты даму жөніндегі мемлекетаралық комиссиясының төрағалығын қабылдады. Бір жыл өтті, әйткенмен ештеңе жасалмады.
– Жыл бойы біздің бастамамызбен Орталық Азияның орнықты дамуы үшін қоршаған ортаны қорғау жөніндегі өңірлік жоспарды іске асыру бойынша бірде-бір іс-шара өткізілген жоқ, – деді Сқақова. – Бұл ретте жоғарыда орналасқан елдер тарапынан еліміздің мүддесі мен Солтүстік Арал экожүйелерінің қажеттіліктерін ескермей, ластану мен теңіз суын пайдалану жалғасуда.
Қазақстан Халық партиясы Экология және табиғи ресурстар министрлігінен экожүйені, балық аулауды, Арал өңірінің қазақстандық бөлігіндегі халықтың табысы мен жұмыспен қамтылуын қолдайтын Көкарал бөгетін реконструкциялау жұмысының жайын сұрап отыр. Орталық Азиядан келген инвесторлар бізге қандай көмек көрсетпек? Біздің Үкімет Орталық Азияда климаттың өзгеруіне бейімделудің аймақтық бағдарламасын, басқа да халықаралық бағдарламаларды қолдана ма? Қазақстанның биологиялық әртүрлілігін сақтау және жердің шөлейттенуіне қарсы күрес жөніндегі міндеттерді шешу үшін не жоспарланған?