«Халық микрофоны» хабарының кезекті санында білім саласындағы өзекті мәселелер талқыланды. Студияда Халық партиясының атынан Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидаттар, сарапшылар, ұстаздар және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қонақ болды.
Талқылауда білім беру жүйесінің барлық сатысында күрделі мәселелер бар екені айтылды. Үздіксіз білім беру қауымдастығының төрағасы Лейла Күленова әр баланы қаржыландыру барысында мемлекеттік және жекеменшік мектептерде бәсекелестік туатынын тілге тиек етті. Бұл пікірді Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидат Ирина Смирнова қолдады.
– Жекеменшік балабақшалар шын мәнінде мемлекет атқаруға тиісті міндеттерді өз мойнына алды, – деді И. Смирнова.
Қазақ білім сарапшылары лигасының президенті Гүлнәр Әбішева отандық мектептер бетпе-бет келетін түрлі қиындықтарды жіпке тізді.
– Өз тәжірибемнен айтайын, 10-11 сыныптарда оқушылар іс жүзінде оқымайды, – деді Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидат Ислам Сұңқар. – Олар ҰБТ-ға дайындалады, 5 пәнге ғана мән береді.
Экономика, бизнес және құқық еуропалық жоғары колледжінің құрылтайшысы, Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидат Талғат Төремұратов орта техникалық білім берудің өзекті мәселелеріне тоқталды. Оның айтуынша, мардымсыз жалақыға өмір сүре алмағандықтан мұғалімдер колледждерді тастап мектептерге кетеді. Салдарынан оқу орнында техникалық құрал-жабдықтармен жұмыс істейтін мамандардың тапшылығы туады. Еңбек нарығында студенттерге сұраныс болмайды. Жұмыс берушілер кадр тапшылығын сезінеді.
Өз кезегінде AUTISM KAZAKHSTAN ұлттық қауымдастығының төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидат Нұрия Балтабайқызы білім беру процесінің барлық кезеңдеріндегі кемшіліктерге назар аударып, ерекше қажеттілігі бар балалар жайлы сөз қозғады.
– ҚХП білім берудің өзекті мәселелерін көтеріп қана қоймайды, оны шешудің тетіктері мен жолдарын біледі және көрсетеді, – деп қорытты жиынды қатысушылар.