Инфляцияға атүсті қарау, төмен жалақы, кіріс пен шығыстың сәйкес келмеуі, экономиканың нақты секторына бөлінетін инвестиция көлемінің төмендеуі және МӘМС жүйесінің сәтсіздігі. Қазақстан Халық партиясы Үкімет ұсынған бюджет жобасын сынға алды.
Мәжілістің жалпы отырысында сөйлеген сөзінде ҚХП фракциясының басшысы Айқын Қоңыров жаңа бюджет Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауының барлық әлеуметтік міндеттемелері мен нұсқауларының орындалуын ескеруі тиіс екенін атап өтті.
Мәжілісмен шенеуніктердің инфляцияны болжауға жеңіл қарайтынын мәлімдеді.
«Тұтыну бағасының, әсіресе азық-түлік бағасының өсуі бюджеттің әлеуметтік құрамдас бөлігін құнсыздандыратын негізгі көрсеткішке айналды. Іс жүзінде жеделдетілген инфляция бюджеттік төлемдерді халықтан импорттық тауарлар мен қызметтерді жеткізушілерге қайта бағыттауға алып келеді», – деді Қоңыров.
Бюджеттің көптеген мәселелері бұрыннан қалыптасты. Олардың ішінде есептеулерде қолданылатын төмен базалық көрсеткіштер бар.
«Ең төменгі жалақының, ең төменгі күнкөріс деңгейінің және ең төменгі зейнетақының қазіргі мөлшеріне іс жүзінде өмір сүру мүмкін емес. Инфляцияны ескере отырып, олар кем дегенде екі есе артуы керек деп санаймыз»,– деді ҚХП депутаты.
Болжам жасағанда Үкімет дәстүрлі түрде кірісті асыра бағалайды және шығынды төмендетеді, бұл кейіннен бюджет тапшылығына және қарыз алу көлемінің өсуіне әкеледі. Бюджет күні бүгінге дейін Ұлттық қорға тәуелді.
«Болашақ ұрпақтың жинақтары дамуға емес, қазіргі іс-шараларға жұмсалады. Бірақ Ұлттық қор түбі жоқ бөшке емес! Мұнайдың рекордтық кірісіне қарамастан, оның жинақталуы ЖІӨ-нің 30% мөлшеріндегі төмендемейтін қалдық деңгейіне жақындады», – деп түсіндірді А.Қоңыров.
Осыған қарамастан, Үкімет шикізаттық емес кірісті арттыру және нақты секторды дамыту туралы ойламайды, керісінше маңызды салалар мен инфрақұрылымды қаржыландырудан ақша үнемдеуге тырысады.
ҚХП фракциясының байламынша, шенеуніктердің тағы бір сәтсіздігі – МӘМС жүйесі. Мемлекет медицинаның негізгі шығындарын төлеуді жалғастыруда, бұл ретте 3 миллион қазақстандық медициналық көмекке қол жеткізе алмай отыр.
«МӘМС жүйесі сәтсіздікке ұшырағанын мойындау қажет. Қатемен жұмыс істеу керек және толығымен мемлекеттік тегін медицинаға оралу керек», – деп атап өтті мәжілісмен.
Қазақстан Халықтық партиясының фракциясы Үкіметті шикізат бағасы мен қолайлы макроэкономикалық жағдайды пайдалануға және өнеркәсіпті жаңғыртудың, транзит пен экспорт жолдарын әртараптандырудың сонымен қатар экономикалық өсудің жаңа моделін қалыптастырудың негізгі бағыттарын айқындауға шақырды.