Қазақстан Халық партиясы парламенттік фракциясының депутаттары өңірлерге сапарын жалғастыруда. Жұмыс сапары барысында мәжілісмендер Қостанай облысының Әулиекөл ауданында болып, аудан басшылығымен және мәслихат депутаттарымен кездесіп, бірқатар жергілікті инфрақұрылымдық нысандарды аралады.
ҚХП депутаттары Әулиекөл аудандық өртке қарсы қызмет жұмысымен танысты.
-Біз бірнеше жылдан бері ТЖМ мен өртке қарсы қызметтердің проблемаларын көтеріп келеміз, - деп атап өтті ҚХП фракциясының басшысы Магеррам Магеррамов. - Біз мемлекеттік өртке қарсы құралымдардың және олардың қызметкерлерінің жалақысын көтеріп, штат санын көбейтуді талап етудеміз. Сондай-ақ ескірген автопаркті жаңалау және 30 жыл ішінде жасалмаған жаңа, заманауи депо салу, сондай-ақ адамдар көп жиналатын барлық объектілер бойынша өрт бақылауын қалпына келтіру қажет деп санаймыз.
Бұдан басқа, мәжілісмендер Халыққа қызмет көрсету орталығында болып, қызметкерлердің жұмыс жағдайымен, сондай-ақ полиция тірек пункті, Әулиекөл ауылының дене шынықтыру-сауықтыру орталығы мен орталық қазандығының жұмысымен танысты. Жергілікті тұрғындар коммуналдық нысанды қосалқы бөлшектермен қамтамасыз ету мәселесіне шағымданды. Апат болған жағдайда оларды тендер арқылы сатып алу қажет, ал бұл күрделі және ұзақ рәсім, сол кезде халық жылусыз қалады.
-Біз бұл мәселені егжей-тегжейлі зерттеп, мүмкіндігінше тиісті шаралар қабылдауға ниеттіміз, - деп атап өтті депутаттар. - Егер әңгіме азаматтардың тікелей өміріне қатысты болса, мемлекеттік сатып алулар бойынша басқа тәжірибені қолдану керек.
ҚХП депутаты Ирина Смирнова жүрекке күрделі ота жасалатын және аорта аневризмасына да ота жасайтын аудандық инсульт орталығының жұмысын жоғары бағалады. Орталық 40 мыңға жуық халыққа қызмет көрсетеді. Мәжілісмендер сұранысқа ие «механизатор», «дәнекерлеуші», «электрик» және т.б. мамандықтар бойынша мамандар даярлайтын жергілікті ауыл шаруашылығы колледжі туралы ыстық ықыласпен айтты.
-Колледж «Жас маман» бағдарламасы арқылы барлық дағдыларды сапалы пысықтауға мүмкіндік беретін өте жақсы сапалы зертханаларды сатып алды, - деп нақтылады Смирнова. - Ұжым толығымен жинақталған, педагогтар да, шеберлер де бар. Олар кәсіпорындармен бірге дуалды түрде жұмыс істейді, ал студенттер тәжірибе кезінде жалақы алады.
Өкінішке орай, колледждердің еңбегі мемлекеттік деңгейде бағаланбай келеді, колледждердегі жан басына шаққандағы қаржыландыру жалпы білім беретін мектептерге қарағанда көп төмен. Мәжіліс депутаты бұл мәселені құзыретті министрліктер деңгейінде көтеруге ниетті екенін жеткізді.
ҚХП депутаты, Мәжілістің Аграрлық комитетінің өкілі Ислам Сұңқар азаматтарды жеке қабылдады. Ауыл тұрғындары бруцеллезбен ауыратын малдардың көбеюіне шағымданды, оған, өкінішке қарай, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен аса сауатсыз ережелер ықпал етеді.
-Осы Ережеге сәйкес, бруцеллезге қан талдауы жануар бір жасқа толғанда жүргізіледі, ал бұл кеш, - деп есептейді депутат. - Мұндай мал ерте кезден-ақ жұқтыру ошағы болып табылады. Ветережені өзгертіп, 4 айдан бастап талдауға қан алу қажет.
ҚХП депутаты Кенжеғұл Сейітжан Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаевпен және мүгедектігі бар азаматтармен жұмыс істейтін ҮЕҰ өкілдерімен кездесті. Әңгіменің басты тақырыбы мүгедектігі бар адамдар үшін қалалық инфрақұрылымның қолжетімділігін қамтамасыз ету болды. Әкім депутаттың ескертулерін ескеруге уәде берді.
-Мен кез келген әкімдікке келгенде міндетті түрде мүгедектігі бар азаматтардың, зағип азаматтардың ғимаратқа кіру мүмкіндігін тексеремін, - деді Сейтжан. - Қостанайда қар көп, пандустар тазаланып, тактильді жолдар бар болғаны жақсы, бірақ олар аз.
Өңірлерге бару - халық қалаулылары жұмысының ажырамас бөлігі. Олар өндірістерге, шахталарға, зауыттарға, ауруханаларға, инфрақұрылым нысандарына және т.б. барып, азаматтарды толғандыратын, бірақ жергілікті жерлерде шешілмейтін мәселелерді егжей-тегжейлі зерттейді. Болашақта барлық анықталған проблемалар Үкімет пен әкімдер алдына қойылады.