Мәжіліс ақпаратқа қол жеткізу және қоғамдық қатысу мәселелері бойынша заңнамаға түзетулерді талқылауда. Депутаттар атап өткендей, заң жобасы қабылданған жағдайда құқықтық және әлеуметтік-экономикалық теріс жағдайлар болмауы тиіс. Бірақ бұл шын мәнінде солай ма?
Жаңа түзетулерге сәйкес, интернет-сайттар мүгедектігі бар адамдарға арналған контентті бейімдеуге міндеттеледі. Ақпаратқа теңдей қол жеткізуді қамтамасыз ету мемлекеттік органдарға да, квазимемлекеттік секторға да қатысты болады. Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми сайтында МБА үшін әлеуметтік қорғау шаралары туралы өзекті және толық ақпарат орналастырылады.
– Интернет-ресурстар мүгедектігі бар адамдар үшін ұлттық стандартқа сәйкестендіріледі, сондай-ақ есту немесе көру қабілеті бұзылған адамдар үшін бейімделеді, - деп атап өтті құжатты әзірлеушілер. - Осы саладағы мемлекеттiк бақылауды Мәдениет және ақпарат министрлiгi жүзеге асыратын болады.
Ал Қазақстан Халық партиясының депутаты Кенжеғұл Сейтжан өткен жылы Әлеуметтік Кодекс қабылданған кезде Үкіметті МБА-ны жұмысқа орналастыру туралы ақпаратпен қамтамасыз етуге міндеттейтін тармақтар заңнамадан жойылғанын еске салды.
– Бұл норма қазіргі Кодексте жоқ, - деп нақтылады мәжілісмен. - Сұрақ, сіз мүгедектігі бар адамдарды қажетті ақпаратпен қалай қамтамасыз етесіз?
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өкілдерінің айтуынша, бұл жерде проблема жоқ.
– Қазір Әлеуметтік Кодексте тек әлеуметтік нормалар ғана қарастырылуда, - деп атап өтті олар. - Ал басқа кодекстерде - халықтың барлық топтарына арналған нормалар бірдей. Біздің ойымызша, басқа органдар да МБА үшін нормаларды бөлек қарауы керек. Сондықтан біз бұл норманы алып тастадық.
Заңнамаға түзетулер Мәжілістің жалпы отырысында бірінші оқылымда қабылданды.