Ізгі қоғамның құндылықтары

dep.jpg

Қазақстан Халық партиясының парламенттік фракциясы «Баршаға әділетті инклюзивті қоғам» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Талқылау психикалық ауытқулары бар балалардың мәселелеріне арналды. Шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, тиісті министрліктердің, Бас прокуратура мен ҮЕҰ өкілдері, сондай-ақ қоғам белсенділері қатысты.

Дөңгелек үстелдің модераторы, ҚХП депутаты Ирина Смирнова айтқандай, бүгінде біз Әділ Қазақстанды құруға ұмтылудамыз.

«Еліміздегі әрбір адам жайлы әрі қолайлы ортада өмір сүруі қажет. Яғни, қандай да бір ерекшелігінің бар-жоғына қарамастан әр адам лайықты өмір сүруге құқылы», - деп атап өтті ол.

Мемлекеттік органдардың өкілдері жиналғандарға психикалық ауытқулары бар балаларды оңалту және әлеуметтендіру жұмыстары қалай жүріп жатқанын жөнінде баяндады. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, бүгінде 300 мыңға жуық мектеп оқушысы арнайы білім алуға мұқтаж.

«Мұндай балалардың педагогикалық және медициналық тұрғыдағы қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін ресурстар жеткіліксіз», - деді Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас балалар психиатры Марина Вихновская.

Жаңа Әлеуметтік кодекстің нормаларына сәйкес, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандарттарын қайта қарауға кірісті. Басқарма ҮЕҰ-мен бірлесіп 2030 жылға дейінгі Инклюзивті саясат тұжырымдамасының жобасын әзірледі. Онда аутизм спектрі бұзылған балаларды жан-жақты қолдауға, жалпы мүгедектігі бар балалардың құқығын қорғауға бағытталған іс-шаралар айқындалады деп жоспарлануда. Алайда, ҚР Президенті жанындағы Халықтың әлеуметтік осал топтарының құқықтары жөніндегі уәкіл, ҚХП депутаты Кенжеғұл Сейітжанның айтуынша, іс жүзінде балалар уәде етілген көмекті ала алмай отыр. Мәселен, шетелде АСБ, Даун синдромы және басқа да психикалық аурулары бар жасөспірімдерді білім беру, спорт арқылы немесе басқа да салалар бойынша әлеуметтендіру жолға қойылған. Ал бізде мұндай балаларды жабық типтегі мекемелерге орналастырып, қоғамнан оқшаулап қояды.

«Заңда бәрі де тиісті деңгейде белгіленген. Ал іс жүзінде орындалуы мүлде көңіл көншітпейді», - деді омбудсмен.

ҚХП ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың жағдайын жақсарту мақсатында бірнеше рет кешенді шараларды ұсынды. Бұл бастамалар туралы толығырақ ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Гаухар Танашева айтып өтті. Партия тарапынан ерекше балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар үшін икемді жұмыс кестесін қарастыру, оларға қажетті медициналық көмекті алу үшін қосымша демалыс күндерін бөлу, қолдау орталықтарын құру және т.б. ұсыныстар айтылды.

«Қаншама тиімді нормаларды Үкімет қабылдамады. Меніңше, бұл жұмысты әлі де жалғастыру қажет», - деді депутат.

Жиындағы басты тақырыптың бірі – «Жанұя» мамандандырылған мектеп-интернатындағы жағдай болды. Онда жұмыс істейтін педагог мамандар психикалық бұзылысы жеңіл дәрежедегі тәрбиеленушілерді заңсыз түрде ауыр жағдайдағы мүгедектер тобына қосып, оларды қабілеттілігінен айырып, артынша жабық мекемелерге жіберетініне шағымданды. Осылайша, мұндай балалар жылжымайтын мүлігінен, басқа да тиесілі мүліктерінен және қамқоршыларына берілетін жеңілдіктерден айырылады. Бұл әрекеттер түрлі ауыр жағдайларға әкеп соқтыруы мүмкін: «қара риэлторлардың» қызметінен бастап, заңсыз трансплантацияға дейін.

«Бас прокуратура осы айтылғандарға назар аударып, қажетті тергеу жұмыстарын жүргізеді деп үміттеменемін», - деді Ирина Смирнова.

Шара соңында ҚХП парламенттік фракциясының жетекшісі Магеррам Магеррамов бүгінгі кездесу инклюзивті қоғам құру жолында жасалған тағы бір нақты қадам екенін атап өтті.

«Бұл қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі. Азаматтарды алаңдатып отырған проблемаларға бей-жай қарауға құқығымыз жоқ», - деді фракция басшысы.

Дөңгелек үстелдің қорытындысы бойынша ұсыныстар әзірленді.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy