Кассациялық сот қайтып келмек

dep.jpg

Парламент палаталарының бірлескен отырысында депутаттар «Сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы» ҚР Конституциялық Заңына енгізілген түзетулерді бірінші оқылымда қабылдады. Атап айтқанда, жоба Жоғарғы Соттан кассациялық сатының өкілеттігін алып тастауды және арнайы Кассациялық соттарды қалыптастыруды көздейді.

Сот жүйесін реформалау ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында жүргізілуде. Ол барлық сот инстанциялары жұмысының тиімділігін арттыруға, сот төрелігінің сапасын жақсартуға және азаматтардың сот жүйесіне сенімін нығайтуға бағытталған. Жоғарғы Соттың мәліметі бойынша, қазір істің 5% -ы ғана алқалы түрде қарауға беріледі. Кассациялық өтініштерді алдын ала қарау тоқтатылады деп болжануда. Кассациялық соттардың құрылуымен Жоғарғы Соттың рөлі де айтарлықтай өзгереді, ал ондағы судьялар саны 35-ке дейін қысқартылады.

Қазақстан Халық партиясы парламенттік фракциясының депутаттары бұл шешімді толық қолдайды. ҚХП фракциясының басшысы, Сот-құқықтық реформа комитетінің хатшысы, депутат Магеррам Магеррамов атап өткендей, партия Мәжіліс сайлауындағы сайлауалды бағдарламасында осындай нормаларды ұсынған болатын.

– Кассациялық соттар істерді де-юре қарайтын болады, - деп атап өтті Магеррамов. - Жоғарғы Сот сот инстанциясы болмайды деп болжануда. Әрине, әзірге шешімін таппай тұрған мәселелер бар, бірақ екінші оқылымға дейін біз осы «кедір-бұдыр» тұстарды талқылап, пысықтап, қажет емесін алып тастаймыз.

Магеррамов сондай-ақ заңнамаға енгізілген түзетулер судьяларды іріктеу критерийлері мен олардың жауапкершілігіне қатысты екенін нақтылады.

– Бұл мәселе бойынша қазір көптеген талқылаулар жүріп жатыр, - деп мәлімдеді ол. - Бұл өте маңызды. Өйткені, сот алдында адамдардың тағдыры шешіледі.

Депутаттың пікірінше, сот ісін жүргізу демократиялық тұрғыда болуы керек және тараптардың бәсекелестігі мен теңдігі, кінәсіздік презумпциясы, ниетсіздік, объективтілік пен тәуелсіздік сияқты қағидаттарды сақтауы тиіс.

– Соттар толық мағынасында сыртқы ықпалдан тәуелсіз болуы тиіс, - деп түйіндеді Мәжіліс депутаты. - Соның ішінде қоғамдық пікірдің ықпалынан. Шешім қабылдау кезінде соттар тек заңды басшылыққа алуы керек. Осындай жағдай қалыптастыруға ұмтылу керек.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy