Қауқарсыз қорғау

dep.jpg

Қазақстан Халық партиясының парламенттік фракциясы халықтың әлеуметтік осал топтарының мәселелеріне арналған алқалы жиын өткізді. Оған осы санаттардағы азаматтарды қорғап, қолдау көрсететін барлық министрліктер мен ведомстволардың өкілдері шақырылды.

Іс-шараның модераторы, ҚХП атынан сайланған Мәжіліс депутаты Гаухар Танашева атап өткендей, республикамыздағы басты проблеманың бірі - кедейліктің жоғары деңгейі. Тіпті ресми статистика деректері бойынша табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз халық саны рекордтық - 1,1 миллионнан астам адамға жеткен, ал нақты сандар бұдан әлдеқайда көп екені мәлім. Бұл көңіл қынжылтар тізімде мыңдаған көпбалалы және толық емес отбасылар, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар, жетімдер, жалғызілікті зейнеткерлер және т.б. бар.

Бұл жағдайға қатысты мемлекет мүлдем ешқандай әрекет жасамайды деп айтуға болмайды. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Анафин хабарлағандай, аталған санаттағы азаматтарды қолдау үшін елімізде республикалық бюджеттен берілетін жәрдемақының 5 түрі және әлеуметтік сақтандыру жүйесінің 2 төлемі бар.

– Ағымдағы жылы жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді төлеу үшін 1 триллион 503 миллиард теңге бөлінді, - деп нақтылады ол.

Алайда, одан арғы пікірталас көрсеткендей, отандық әлеуметтік қамсыздандырудың басты проблемалары тіпті қаражат жетіспеушілігінде де емес. Бюрократиялық кедергілер мен адамды кемсітетін рәсімдер Атаулы әлеуметтік көмекті (АӘК) отбасылар үшін қолжетімсіз етеді. Оны есептеген кезде, кіріс ретінде, қаншалықты ақылға сыйымсыз болса да, арнайы мемлекеттік жәрдемақы мен алимент ескеріледі. Неге екені белгісіз, Алтын Алқа мен Күміс Алқа наградаларын алу үшін көпбалалы аналар шенеуніктер тізіп қойған «тозақтың» барлық шеңберінен өтуге мәжбүр, ал белгіні алу үшін белгілі бір алгоритм жоқ, керек десеңіз, қажетті құжаттардың нақты тізбесі мен оларды ұсыну мерзімдері де жоқ. Тұрғын үйлер мен балабақшалардан орын бөлу кезіндегі сыбайлас жемқорлық туралы шағымдар бұрыннан үйреншікті қалыпты жағдайға айналып кеткен. Жетім балалар да өздеріне тиесілі тұрғын үй алаңын мемлекеттен ала алмайды. Министрліктердің өкілдері кедейшілікті есептеу кестесі қандай критерийлер бойынша және қандай жүйенің көмегімен қалыптасатынын, сәйкесінше, онымен күреске арналған бюджет қалай қалыптасатынын да айта алмады.

– Мемлекеттік органдар өздерінің әдіс-тәсілдерін қайта қарап, заңнамаға нақты ұсыныстар берулері қажет, - деп атап өтті ҚХП депутаты Ирина Смирнова. - Тек осылай ғана біз әлеуметтік ахуалды жақсы жаққа қарай өзгерте аламыз.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy