Қазақстанда инклюзивті туризмді дамыту мүмкін бе? Бұл мәселе жақында Мәжілісте де талқыланды. Бұл пікірталасқа Қазақстан Халық партиясының депутаты, ҚР Президенті жанындағы Халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарының құқықтары жөніндегі уәкіл Кенжеғұл Сейтжан белсенді қатысты.
Туризм саласының проблемаларын «Туризмнің үздігі» төсбелгісінің иегері Кенжеғұл Сейітжан өзгелерден гөрі жақсы біледі.
– Бұл жерде бірінші мәселе тек мүгедектігі бар адамдар үшін инфрақұрылымның болмауы ғана емес, - дейді мәжілісмен. - Бұл барша қазақстандық туризмге ортақ кемшілік - антисанитария мен жинақылықтың жоқтығы.
Еліміздегі жол бойында салынған дәретханалардың сын көтермейтінін сынаған саяхатшы қалмаған шығар... Үкімет осы «нысандарды» жаңғыртуға қанша қаражат бағыттаса да, нәтиже жоқ. Тағы бір проблема – автобус қатынасы дұрыс жолға қойылмағандықтан, ел ішінде жеке автокөлікпен саяхаттаған дұрыс. Бірақ есту, көру және тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдардың мұндай мүмкіндігі жоқ.
– Мұның бәрін бейімдеуге болады, бұл проблемаларды да шешуге болады, - деп есептейді Сейтжан. - Бірақ көбінесе оларды шешу кезінде мүгедектігі бар адамдар туралы ұмытылып кетеді.
Отандық туризмді инклюзивті ету үшін мемлекет мүгедектігі бар адамдармен (МБА) тығыз жұмыс істейтін қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдармен ынтымақтастықты жолға қоюы қажет.
– Ең бастысы, БҰҰ-ның ұстанымындағыдай «Біз туралы бізсіз ештеңе де жоқ!» - деп атап өтті мәжілісмен. - Барлық инклюзивті мәселелер бізбен, МБА-мен талқылануы тиіс. Инклюзивті туризм үшін қолжетімді инфрақұрылымды қамтамасыз ету жеткіліксіз, сонымен бірге, персоналды оқыту қажет. Қазір ҚР-ның 50-ге жуық оқу орны туристік гидтер даярлауда.
– Жекелеген мамандарды оқытудың қажеті жоқ, қазіргі оқу бағдарламаларына ерекше қажеттіліктері бар адамдармен жұмыс істеу үшін қажетті ақпаратты енгізудің өзі жеткілікті, - деп ұсынды ҚХП-дан сайланған депутат. - Есту, көру немесе қимыл-қозғалысы бұзылған МБА-ға қалай көмектесуге болады? Олармен қалай байланысуға болады? Олар қандай қызметтерді қажет етеді, ал қандай қызметтерді қажет етпейді? Мүмкіндігі шектеулі саяхатшының өзі қоршаған ортадан ләззат ала алатындай етіп қызмет жасауды қалай ұйымдастыруға болады?
Осы тұста Кенжеғұл Сейтжан МБА-мен жұмыс істейтін жапондық гидтерді мысалға келтірді, олар жағдайды бақылауда ұстай отырып, тіпті, тау серуені, шаңғымен сырғанау және т.б. туралы сөз болса да, ерекше саяхатшының тәуелсіз әрекетіне мүмкіндік береді.
– Мұның бәрін біздің жағдайда жүзеге асыруға болады, - деп сенеді Мәжіліс депутаты. - Жалпы, Қазақстанда инклюзивті туризмді дамыту үшін мүмкіндіктер жеткілікті.