Қазақстандағы еңбек нарығының дамуы көңіл көншітпейді

dep.jpg

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Бұл ретте Үкіметтің басты міндеті – жас мамандарды даярлауды және оларды жұмысқа орналастыруды жақсарта отырып елдегі адам ресурстарының сапасын арттыру. Заманауи еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, ел экономикасын білікті кадрлармен қамтамасыз ету үшін жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларын қайта қарап, олардың экономиканың нақты секторларымен байланысын күшейту қажет.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіндегі бүгінгі Үкімет сағатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова мен Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев осы және өзге де мәселелер жөнінде айтты.

«Еңбек нарығындағы тұрақты өсімге қарамастан, мемлекет тарапынан тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру үшін одан әрі күш салуды талап ететін бірқатар осал тұсымыз бар», - деп атап өтті министр.

Министр айтқан «осал тұстарға» мыналар жатады: еңбек нарығындағы ұсыныс санының жеткіліксіздігі, ауыл шаруашылығы секторынан қызмет көрсету және сауда саласына миграцияның артуы, бейресми жұмыспен қамтудың жоғары деңгейі, зейнетақы жарнасының төленбеуі, кәсіптік білімі бар кадрлардың тапшылығы, себебі, көбіне олардың еңбегі тиісті деңгейде бағаланбайды немесе даярланған мамандардың біліктілігінің төмендігі және т.б.

Осы тұста ҚХП депутаты Ислам Сұңқар тағы бір мәселені атап өтті. Колледждерге мемлекеттік тапсырыс жыл сайын артып келе жатқанымен, оқуды аяқтаған түлектер практикалық тәжірибенің жоқтығынан жұмыс таба алмай, бос қалып қоятынын айтты.

«Мемлекет бюджет қаражатын жұмсап, кадрларды даярлайды. Бұл әрине, жақсы. Бірақ бізде колледж түлектері үшін жұмыс істеу міндеттелмеген. Мемлекеттік білім гранттарын бекіткенде кәсіпорындармен келісімшартқа отырып, жұмысқа орналасуды міндеттеуді жүзеге асырған жөн болар еді», - деп нақтылады Ислам Сұңқар.

Оқу-ағарту министрлігінің басшысы бұл пікірді толығымен қолдап, қазір ведомство осы бағытта жұмыс істеп жатқанын айтты.

«Бұл шаратүлектерге аталған ұйымдарда өндірістік тәжірибеден өтіп қана қоймай, сонда жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді. Ең бастысы, студенттеріміз жұмысқа орналасса болғаны», - деді министр.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy