Қазақстандықтар мемлекет ақша бөлген медициналық қызметтер үшін ақы төлеп келген

dep.jpg

ҚР жоғары аудиторлық палатасы міндетті медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде жаппай құқық бұзушылықтарды анықтады. Тексеру қорытындысы Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен ЖАП отырысында баяндалды.

МӘМС жүйесіне 16,2 млн адам кіретініне қарамастан медициналық шығындар бойынша мемлекеттік бюджетке түсетін қаржылық жүктеме әлі азаймай отыр. Медициналық қызметтердің сапасы да көңіл қуантарлықтай емес. Мәселен, клиникалар лицензиясыз жұмыс істесе, медициналық жабдықтар сағатына жалға алынады.

Сондай-ақ, аудиторлар қор қаражатына қызмет көрсететін ұйымдардың ӘМСҚ-дан бөлінетін қаражат есебінен және азаматтардың өз есебінен медициналық қызметтерге қосарланған ақы алу фактілерін де анықтаған. Осылайша осындай ұйымдар ережені бұзып, стационарлық көмек бойынша 1,7 млрд теңгеге, амбулаториялық көмек бойынша 27,6 млрд теңгеге қосарланған төлем алған. Сақтандыру тарифінен енгізілген қаражаттан бөлек кейбір стоматологиялық клиникалар жалпы сомасы 2,1 млрд теңгеге қосымша ақы алғаны белгілі болды. Осылайша, жалпы аудит қорытындысына сәйкес, аталған саладағы рәсімдік бұзушылықтардан келтірілген шығын мөлшері 32 млрд теңгеден асты.

– Қордың тәуекелдерді басқарудың өзіндік жүйесі болуы тиіс, оның негізінде көрсетілетін қызметтердің сапасына, өндірістік базаның, жабдықтардың, тиісті медициналық лицензиялар мен рұқсаттардың болуына мониторинг жүргізу қажет, – деді Әлихан Смайылов.

МӘМС жүйесіндегі заң бұзушылықтар жөнінде Мәжілістегі Қазақстан халық партиясы фракциясының депутаттары бірнеше рет айтқан болатын. Денсаулық сақтау жүйесі өзінің тікелей міндеттерін орындай алмайтыны, ал "Damumed" бағдарламасында көрсетілмеген медициналық қызметтердің жаппай тіркелуі халық арасында жиі айтылып жүр.

– Азаматтардың денсаулығына жауапкершілікпен қарау деген атымен жоқ! Міселен, бір ер адам өзінде жүктіліктің сәтті өтіп жатқанын біліп таң-тамаша болады, артынша тағы бір адам кенеттен соқыр ішегінен айырылғанын көреді, ал тағы біреуі ешқайда бармай-ақ скринингтен сәтті өткенін байқайды. Яғни, медициналық сақтандыру қоры кейбір клиникалар үшін жемсауытқа айналып отыр, – деп күйінішін білдірген еді Ирина Смирнова өзінің депутаттық сауалында.

Осы ретте ЖАП медициналық қызметтер мен тіркеулерге қосарланған ақы төлеу фактілері бойынша материалдар құқық қорғау органдарына жолданғанын мәлімдеді.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy