Кедергісіз орта: ақиқат пен жалған

dep.jpg

ҚХП депутаты, ҚР Президенті жанындағы Халықтың әлеуметтік осал топтары құқықтары жөніндегі омбудсмен Кенжеғұл Сейітжан Мәжіліс отырыснда мүгедектер үшін қолжетімді, кедергісіз ортаны қамтамасыз ету мәселесін тағы да көтерді.

Мәжілісмен Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияны ратификациялау арқылы мемлекет ерекше қажеттілігі бар адамдарға өзгелердің көмегінсіз толықтай өзі бейімделіп, қажетті қызметтерді өз бетінше ала алатындай жағдай жасау міндетін мойнына алғанын еске салды. Бұл міндеттің тиісті дәрежеде жүзеге аспай отырғанына жуырда Алматыдағы Абай метро-станциясында қаза тапқан зағип жолаушы Қанат Батқалғазының оқиғасы дәлел. Метро қызметкерлері өз міндеттерін мүлтіксіз орындап, қауіпті аймақтарға арнайы қоршаулар орнатылса, Қанатқа қамқор жолаушылар көмек көрсетсе мұндай қайғылы жағдай болмас еді.

«Адамдардың бұлай ажал құшуына жол беруге болмайды. Бұл жағдай біздің қоғамның сөз жүзінде ғана инклюзивті саналатын және мұндай мәселелерге немқұрайлы қарайтынын көрсетті», - деп түйіндеді мәжілісмен.

Бірнеше жыл бұрын елімізде Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі Ұлттық жоспар қабылданған болатын. Аталған құжат шеңберінде мүгедектігі бар адамдарға бейімделген әкімшілік, әлеуметтік, коммерциялық, мәдени және т.б. мақсаттағы барлық объекті тіркелген Қолжетімділіктің интерактивті картасы әзірленіп, сайтқа орналастырылды.

Бұл картаға сенсек, ерекше қажеттілігі бар адамдар кез келген жерге еш кедергісіз кіріп-шыға алады. Алайда, өкінішке қарай бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Тіпті, Астана тұрғындарында да мұндай мүмкіндік жоқ. Мұны Астанадағы нысандардың қолжетімділігіне мониторинг жүргізген Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің департаменті де растап отыр. 154 тексеру жұмысының бәрінде айтарлықтай кемшіліктер анықталды: биік табалдырықтар, тік пандустар, тактильді белгілердің жоқтығы және т.б.

К.Сейтжан мүгедектігі бар адамдар ғимаратқа кіріп қана қоймай, сол жерде қажетті қызметті еш кедергісіз алуы керек екенін атап өтті. Пандуспен жабдықталған ғимаратқа қимыл қозғалысы шектеулі адам еркін кіре алғанымен, ол кассаны, банкоматты, ақпараттық дүңгіршекті және т.б. пайдалана алмайды, өйткені олар тым биік, яғни, мүгедектер арбасындағы адамға қызмет көрсетуге бейімделмеген.

«Мүгедектігі бар адам дүкенге/банкке/театрға/Халыққа қызмет көрсету орталығына/қонақ үйге немесе басқа да ұйымға барғанда ғимаратқа өз бетінше кіріп-шығып қана қоймай, қажетті қызметті де өз бетінше ала алатындай жағдай жасау керек. Бұл ереже барлығына, яғни, мемлекеттік және жеке бизнестік мекемелерге бірдей міндетті болуы тиіс», - деді депутат.

ҚХП парламенттік фракциясы мүгедектер үшін қолжетімді, кедергісіз ортаны қалыптастыруды қамтамасыз ететін стандарттарды, құрылыс нормаларын және басқа да құқықтық актілерді қайта қарай отырып, жан-жақты талдау жүргізуді ұсынды. Сондай-ақ, тұтынушылардың құқығын қорғау қоғамдары жанынан мүмкіндігі шектеулі тұтынушылардың құқығын қорғауға маманданған бөлімдер құру және жоғарыда аталған Ұлттық жоспардың нақты орындалуын бақылау жүйесін күшейту қажет екенін жеткізді.

«Біз мүмкін емес дүниені талап етіп отырған жоқпыз. Мүгедектігі бар адамдар – республикамыздың толыққанды азаматтары және оларды кемсітуден барынша қорғау қажет», - деп түйіндеді Кенжеғұл Сейтжан. Парламенттік сауалға ҚХП фракциясының өкілдері, сондай-ақ Инклюзивті парламент депутаттары қол қойды.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy