Қазақстандық парламентшілер «Таза Қазақстан» жалпыреспубликалық акциясына қатысты. Елордада ол «Жасыл аймақ» деп аталып, аумақты қоқыстан тазартумен қатар, ағаш отырғызуға ерекше назар аударылды. Қазақстан Халық партиясының парламенттік фракциясының депутаттары да Мәжілістегі әріптестерімен бірге қаланы көгалдандыру жұмысымен белсене айналысты.
Сенбілік барысында мәжілісмендер шырша, қарағай, емен және қайың түрлерінен жалпы саны 350 көшет отырғызды. Жас көшеттер «Әзірет Сұлтан» мешітінің аумағында егілді.
– Бұл күндері мыңдаған қазақстандықтар «Таза Қазақстан» акциясына қатысуда, - деді ҚХП парламенттік фракциясының жетекшісі, депутат Магеррам Магеррамов. - Сенбіліктер мен түрлі экологиялық акциялар да өз еліңе, қалаңа, ауылыңа, көшеңе және аулаңа деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімді тәрбиелеудің жақсы көрінісі.
Мәжіліс депутаты қоғамда экологиялық мәдениетті дамытудың маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, мұндай абаттандыру елді мекендердің ахуалын әлдеқайда жақсартады.
– Әрине бұл жұмысқа мемлекеттік орган қызметкерлерінің, қоғамдық ұйым өкілдерінің және халықтың бірлесіп қатысуы мұндай акциялардың ауқымын кеңейтеді, - деп түйіндеді Магеррамов. - Барлығымыз өз бойымызда табиғатқа деген асқан жауапкершілік сезімін, оған ұқыпты қарау мәдениетін тәрбиелеуіміз қажет.