Қазақстан Халық партиясы еліміздегі автожол құрылымындағы мәселелерді шешудің өзіндік әдістерін ұсынды. Нақтырақ айтсақ, жауапсыз мердігерлерге ақша төлегенше, Скандинавия елдерінің үлгісі бойынша мемлекеттік-жекеменшік әріптестікке (МЖӘ) көшу әлдеқайда ыңғайлы, үнемді әрі тиімдірек болмақ.
ҚХП парламенттік фракциясының басшысы, Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов айтқандай, қаншама жылдар бойы қомақты несиелік қаржы мен бюджет қаражаты бөлінсе де, жолдарымыздың сапасы жақсарған жоқ.
– Мемлекеттік сатып алу шарттары арқылы жол жөндеу жұмыстарын ұйымдастырудың қолданыстағы әдістері сыбайлас жемқорлыққа, жол сапасының нашарлауына және жыл сайынғы жол жабындарын жөндеу қажеттілігіне әкеп соқтыруда. Мұндай шарттардың негізінде мердігерлердің ең алдымен көздейтіні – қысқа мерзім ішінде жұмысты аяқтап, мемлекеттен ақша алу, ал жол сапасын жақсарту мәселесі басты назардан тыс қалады, - деп атап өтті депутат.
ҚХП депутаттары бұл мәселені шешу үшін қолданыстағы жүйені түбегейлі өзгерту қажет деп санайды. Яғни, жолдың жай-күйіне бір жыл мерзімге ғана жауапты болатын мердігерлерді сапалы жол салуға мүдделі әрі оның жыл сайынғы жөндеу жұмыстарын өз міндетіне алатын тұрақты мердегерлермен алмастыру керек.
– Мемлекеттік сатып алу туралы шарттардың орнына мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шарттарын жасасу қажет. Осылайша, барлық жұмыстарды, соның ішінде бір учаскедегі орташа және күрделі жөндеуді қоса алғанда, жолдарды күтіп ұстау жөніндегі ұзақмерзімді бір ғана келісімшартқа біріктірген жөн - деді Магеррам Магеррамов депутаттық сауалында.
Партиялықтар ҚазАвтоЖолдың жолдарды күтіп ұстауды аутсорсингке беру жөніндегі шешімі тиісті нәтиже бермегенін атап өтті. Ал ұзақмерзімді МЖӘ шарттарын жасасу бұл мәселені реттеуге көмектеседі. Және бұл шешім мердігерге бірнеше жыл бойы учаскеде негізгі және көмекші персоналды ұстап тұруға, лизингке жаңа арнайы техниканы сатып алуға және битумның қажетті көлемін алдын ала сатып алуға мүмкіндік береді.
– Бұл мердігердің орындалатын жұмыстарға көзқарасын өзгерте отырып сыбайлас жемқорлықты азайтуға және жолдардың сапасын арттыруға, жол бойындағы қызмет көрсетуді және дәретханалардың жағдайын жақсартуға, сондай-ақ автоматтандырылған өлшеу құралдарын орнату арқылы ауыр жүк көлігінің артық салмағын бақылауда ұстауды қамтамасыз етуге көмектеседі, - деп нақтылады ҚХП депутаттары.