Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексіне енгізілген түзетулер таныстырылды. Қазақстан Халық партиясы парламенттік фракциясының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов ұсынылып отырған нормалардың барлығы мұқият пысықталуы қажет деп санайды.
ҚР Әділет вице-министрі Алма Мұқанова атап өткендей, қазір құқық қолдану тәжірибесінде бірқатар құқықтық олқылықтар мен қарама-қайшылықтар анықталған. Бұл кемшіліктер Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекске тиісті түзетулер енгізу арқылы заңнамалық реттеуді талап етеді. Әсіресе, төтенше жағдай кезіндегі кемшін тұстар мен жаңадан ашылған мән-жайларды және басқа да жеткіліксіз регламенттелген мәселелерді ескере отырып, әкімшілік хаттамаларға шағымданудың мүмкін еместігі басты кемшіліктер болып отыр.
– Қазір ӘҚБтК-дегі әкімшілік құқық бұзушылықтардың басым бөлігі - азамат пен реттеуші мемлекеттік орган арасындағы қарым-қатынас, - деп атап өтті вице-министр. - Мұндай мәселелерді тиянақты талдау нәтижесінде «мемлекеттік реттеуші - азамат» қатынастары кезең-кезеңмен әкімшілік әділет сипатына өтуі тиіс деп ойлаймыз.
Заң жобасындағы жаңа өзгерістер көп наразылық та тудырып отыр. Депутат М.Магеррамов ӘҚБтК-де «қоғамдық орын» деген ұғымның бар екенін, алайда оның заңнамалық анықтамасы жоқ екенін нақтылады. Төтенше жағдай мен төтенше жағдай режимі арасындағы айырмашылық та айқындалмаған. Кодексті әзірлеушілер «қоғамдық орын» ұғымы ҚР Бас Прокуратурасының бұйрықтарымен анықталғанын, ал Төтенше жағдай мен Төтенше жағдай режимі мәселесін пысықтау керектігіне тоқталды. Алайда, пікірталастың ең өзекті тақырыбы жұмысшыларды міндетті және мерзімдік медициналық тексеруден өткізу жөніндегі талаптарды бұзғаны үшін жұмыс берушіден әкімшілік жауапкершілікті алып тастау болды. – Ол талап бір жерде қайталана ма? - деп сұрады Магеррамов. - Сіздер оны неге алып тастайсыздар?
Вице-министр жауапкершілікті алып тастау фактісін растады, бірақ оны «құжатты материалдық нормаларға сәйкес келтірумен» дәлелдеді. Вице-министрдің дәлелі әлсіз көрінді. Елдегі соңғы оқиғаларды ескеретін болсақ, тіпті, қисынға келмейді деуге болады.
– Бұл өте маңызды! - деді Мәжіліс депутаты сенімді түрде. - Менің ойымша, жұмыс берушінің жауапкершілігін қалдыру керек. Міне, осылайша нормаларды алып тастап, немесе, қоса салып, сол арқылы қандай да бір реформалар жүргізіп жатырмыз деп есептеуге болмайды.
ҚХП фракциясы бұл жөнінде өз ұсыныстарын дайындайды.
– Кодекске түзетулер қажет, әрине, - деп түсіндірді Магеррам Магеррамов. - Заңнама бір орында тұрмайды. Бірақ бұл мұқият зерттеуді қажет ететін, өте ауқымды мәселе.