Қоғамда Талғардағы жасөспірімнің жантүршігерлік өлімі қызу талқыланып жатыр. Қазанның 3-інен 4-іне қараған түні «Қамажай» азық-түлік дүкенінде бір бөтелке сыра үшін жанжал шығып, арты мылтық пен пышақ қолданылған жаппай төбелеске ұласты. Жанжал салдарынан әкесін шабуылдаушылардан қорғамақ болған 16 жастағы Полат Шерзат қаза тапты. Қылмысқа қатысы бар 9 адам ұсталып, оның 7-уі уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр.
Бұл қылмыс елдегі күрделі мәселелердің бетін ашты. Атап айтқанда, жастар арасындағы қылмыстың көбеюі, аймақтардағы кедейлік мәселесі, сыбайлас жемқорлықтың белең алуы, жергілікті биліктің болып жатқан жайттарға немқұрайлылығы.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ирина Смирнова Талғар ауданына жұмыс сапарымен барып, жергілікті тәртіппен жеке танысып қайтты. Жұмыс сапарының тағы бір себебі – бейіт орналасқан жердің құрылыс салу үшін сатылуы. Депутат мүдделі адамдар тобымен, жергілікті белсенділермен және әріптестерімен бірге бұл жағдайды тоқтатты.
«Ауданның бұрынғы әкімінің өзін түк болмағандай ұстауы жаға ұстатты. Ол өзінің қателігін мойындамай, керісінше, дұрыс жасағанына сенімді екенін жеткізді. Қорқытып-үркітіп, шағымданып, бізді қоғамдық тыныштықты бұзды деп айыптады», - деді депутат.
Сондай-ақ, мәжілісмен Талғар қаласындағы мектеп-интернатта барып, ондағы балалардың қандай жағдайда күн кешіп жатқанын көріп, дабыл қақты. Алайда депутаттың наразылығын тудырған санитарлық-гигиеналық талаптардың бұзылуын аудан басшылығы да, жергілікті білім беру саласы өкілдері де қалыпты жағдай деп бағалап отыр. Сәйкесінше, жағдайды реттеу оңайға соқпады.
«Талғар ауданы жақсы жаққа қарай өзгереді деп сенемін. Алайда, мұндай өзгеріске жастар арасындағы төбелес, жасөспірімнің өлімі, қордаланған заңсыздықтардың себеп болғаны өте өкінішті», - деп атап өтті Ирина Смирнова.
ҚХП Парламенттік фракциясының жетекшісі, депутат Магеррам Магеррамов «Рэкетир» сияқты отандық туындылардың жастардың бойындағы адамгершілік қасиеттердің қалыптасуына әсері бар деп есептейді. Мұндай фильмдерде жас жігіттердің байлық пен сән-салтанатқа қылмыс арқылы ғана жететіні көрсетіледі.
«Мұндай фильмдерде қылмыскерлерді «беделді», әдемі әйелдердің махаббатына бөленген, қымбат көлік мінген «әдемі» өмірдің иесі ретінде көрсетеді. Бұзақылық мен зорлық-зомбылықты романтизациялайтын мазмұндағы фильмдерді шығару орынсыз деп есептеймін», - деді депутат.
Бұл ретте ең алдымен, мемлекет өзі қоғамдағы моральдық қағидаларының сақшысы болуы тиіс.
«Мәдениет және ақпарат министрлігі ән мен биден бөлек, қоғамда болып жатқан оқиғаларды да бақылап отыруы тиіс. Ведомство келеңсіз оқиғалардың сын-қатерлеріне жедел ден қойып, өз өкілеттіктері аясында олардың салдарын жоюға күш салуы тиіс», - деп нақтылады депутат.