Қазақстан тұрмыстық қоқысқа батып барады! Бұл мәселені шешу мүмкіндіктері Мәжіліс отырысында талқыланды. Оған депутаттар, мүдделі министрліктер мен ведомстволардың, сондай-ақ шикізатты қайта өңдейтін кәсіпорындардың өкілдері қатысты.
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев өз баяндамасында атап өткендей, өткен жылы Қазақстанда 4 миллион тоннаға жуық коммуналдық қалдықтар жиналған. Оның төрттен бір бөлігіне жуығы өңделген. Ал қалған көп бөлігі онсыз да аузы-мұрнынан шығып жатқан қоқыс полигондары мен рұхсат етілмеген қоқыс тастайтын жерлерде шашылып жатыр.
– ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу зауыттарының құрылысын жандандыруды тапсырды, - деп еске салды Нысанбаев. - ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов тиісті жобалардың тізбесін бір ай мерзімде ұсынуды тапсырды. Бүгінгі таңда бұл жұмыс әкімдіктермен бірлесіп жүргізілуде.
Қазақстан үшін жеке проблема - электрлі және электрондық қалдықтар (ЭЭҚ) сияқты қауіпті қалдықтарды өңдеу. Бұл мәселені Қазақстан Халық партиясы бірнеше рет көтерген болатын. Бұл жолы оны ҚХП депутаты, Мәжілістің Экология және табиғатты пайдалану комитетінің өкілі Кенжеғұл Сейтжан жария етті. Ол Экология министрлігінен экологиялық тәуекелдерді азайту үшін ЭЭҚ-ы сұрыптау және кәдеге жарату мәселесін қалай шешуге ниетті екенін сұрады.
– Бұл салада ғылыми қауымдастық өкілдерінің ұсыныстары мен әзірлемелерін пайдалану жоспарланып отыр ма? - деп сұрады мәжілісмен.
Бұған дейін депутаттық сауалда Сейітжан атап өткендей, қазір мұндай әзірлемелермен Торайғыров Университетінің (Павлодар қ.) және Д.Серікбаев атындағы Университеттің (Өскемен қ.) ұжымдары айналысуда. Алайда, технологияларды әзірлеу процесінде ғылыми ұжымдар ғалымдарды гранттық қаржыландыруға қол жеткізуден айырған бюрократиялық кедергілерге тап болған.
Экология министрлігінің өкілдері қазір елімізде қауіпті қалдықтарды жинайтын, сұрыптайтын және шетелге кәдеге жаратуға шығаратын кәсіпорындар бар, себебі Қазақстан аумағында әзірше қажетті қайта өңдеу қуаттары жоқ деп сендірді.
– Бізде осындай зауыттардың құрылысына кәдеге жарату төлемдерінен қаражат бөлінеді, - деп хабарлады ведомство өкілдері. - Және, негізінен, мұндай қалдықтарды өңдеуге дайын бір кәсіпорын бар.
Бұдан басқа, министрлік қолда бар отандық технологияларды пайдалану бойынша зерттеу жүргізуге дайын екенін жеткізді. Бұл тармақ іс-шараның қорытындысы бойынша ұсыныстар қатарына енгізілді.