Колледждерді қаржыландыру мөлшері мектептермен салыстырғанда екі есе аз – Мәжіліс депутаты

dep.jpg

Қазақстан Халық партиясының парламенттік фракциясы ҚР Оқу-ағарту министрлігіне техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін (ТжКБ) реформалау жөніндегі жұмыс тобын құруды ұсынды.

ҚХП депутаты Ирина Смирнова, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялағанын атап өтті. Осы ретте Мемлекет басшысы техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін реформалауды жүзеге асыру қажет екенін де айтқан болатын. Ол қазақстандық еңбек нарығы үшін атышулы "кадрлар ұстасы" болуға тиіс.

ҚХП фракциясы ТжКБ жүйесіндегі мәселелер жөнінде бірнеше рет айтып, Парламентте көтерген болатын. Мәселелерге нақтырақ тоқталатын болсақ: бүгінде ТжКБ-ны қаржыландыру деңгейі мектептерге қарағанда әлдеқайда төмен, мемлекеттік білім беру тапсырысын бөлуде де теңсіздік байқалады және соның салдарынан еңбек нарығында сұраныс жоқ мамандарды әзірлейді, колледждердің кәсіпорындармен практикалық өзара байланыс жоқтың қасы, түлектерді тәуелсіз сертификаттау жүйесі жоқ, заманауи білім беру бағдарламалары мен технологияларын енгізу деңгейі төмен және т. б.

– Ескі бағдарламалар студенттерге заманауи өзекті дағдыларды игеруіне кедергі келтіреді, - деді Смирнова.

Осы ретте партиялықтар осы мәселе бойынша жұмыс тобы құрылып, бірінші кезекте назар аударылуы тиіс міндеттерді атады. Мысалы, колледждерді профильдеу, яғни нақты уақыт режимінде кадрлардың қажеттіліктерін қадағалайтын және болжайтын ақпараттық жүйені енгізу, құзыреттілік орталықтарын құру, кәсіпкерлік дағдыларды дамыту және студенттерді практика жүзінде оқыту үшін колледждерде бизнес-инкубаторлар құру. Қажетті құқықтық базаны құра отырып, ұзақ мерзімді келісімшарттар шеңберінде ТжКБ-ны ірі кәсіпорындарға сенімгерлік басқаруға беру жөнінде де ұсыныс білдірді.

– Осылайша олар (кәсіпорындар-автор) оқу жоспарларын әзірлеуге және практикалық оқытуды ұйымдастыруға тікелей қатыса алады. Ал бұл өз кезегінде мамандарды даярлау сапасын арттыруға ықпал етеді, – деп түсіндірді депутат.

Бұдан бөлек, ҚХП депутаттары оқушыларды ерте кәсіптік диагностикалау және бағдарлау бағдарламасын енгізуді ұсынды. Ол үшін колледждер мен мектептер бірлескен оқу бағдарламалары деңгейінде өзара байланыс орнатуы тиіс. Сондай-ақ жоғары оқу орындарында білім алуды жалғастыру үшін ТжКБ оқу нәтижелерін жарамды деп тану қажет екенін де айтты. Мәжілісмендердің пікірінше, бұл әдіс ТжКБ-ның тартымдылығын арттырады.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy