Қазақстан Халық партиясы парламенттік фракциясының депутаттары өңірлерге сапарын жалғастыруда. Олар Солтүстік Қазақстан облысына келген бетте Боголюбово ауылындағы Қызылжар Аграрлық колледжінің ғимаратында болды. Жүз жылға жуық тарихы бар өңірдің ең көне колледжі сұранысқа ие болмағандықтан, жабылды.
«Ауылдық оқу орындарының жабылуы - өңірдің өткір проблемаларының бірі»,- деп есептейді жергілікті қоғам қайраткерлері. Ауылдағы колледждердің жобалық қуаты қазір білім алушылар контингентінен әлдеқайда көп, сондықтан студенттердің аздығы, өкінішке қарай, ащы да болса бүгінгі күннің заңдылығы болып отыр. Дей тұрғанмен, аграрлық секторға ауыл шаруашылығы саласындағы мамандар тапшы.
Нәтижесінде жақсы жабдықталған және жөнделген, мықты материалдық-техникалық базасы, жатақханасы, гараждары мен жылыжайы бар колледж керексіз болып шықты, сол үшін оны «оңтайландырды».
– Оны жай ғана тоқтатып қойды, - дейді ҚХП депутаты Ирина Смирнова. - Ал бұл үлкен аумақ, табиғаты тамаша және үлкен ғимараттары бар. Оларды демалыс лагеріне, оңалту орталығына, шипажай мектебіне және т.б. бейімдеуге болады. Алайда колледж жабылды, техника таратылды, колледжге тиесілі жерден бас тартылды.
Қазақстан Халық партиясы білім беру органдарының алдында осы өткір мәселені көтеруге ниетті. ҚХП бұрынғы колледждің материалдық-техникалық базасын оқу ретінде болмаса да, демалыс немесе сауықтыру мекемесі ретінде пайдалануды ұсынады.