KPI: Енді әкімдердің жұмысы жаңаша бағаланады

dep.jpg

Премьер-министр Олжас Бектенов әкімдердің жұмысын халық өмірінің нақты индикаторлары бойынша бағалауды ұсынды. Бұған дейін осындай бастамаларды Қазақстан Халықтық партиясының парламенттік фракциясының депутаттары ұсынған болатын.

Мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыру арқылы елдегі өмір сапасын жақсарту жөніндегі кеңес барысында Үкімет басшысы әкімдердің нақты жұмысына KPI енгізуді тапсырды. Ол үшін «Отбасының цифрлық картасы» платформасы негізінде 5 санат бойынша барлық қазақстандық отбасының әл-ауқатына тұрақты мониторинг пен талдау жүргізілмек. Жергілікті атқарушы органдардың жұмысы отбасылардың қанағаттанарлықсыз санаттан жақсаруға көшу динамикасына және керісінше көрсеткішке байланысты бағаланатын болады.

Әкімдерге бұл құралды орта және ұзақ мерзімді шараларды жоспарлап, іске асыру үшін қажетті негізгі нұсқаулық ретінде пайдалану тапсырылды. Мұқтаж отбасылардың өмірде қиын жағдайға тап болу қаупінің алдын алу үшін, сонымен қатар кедейлікті, жұмыссыздықты, халықтың жасырын жұмыспен қамтылуын азайту үшін оларды белсенді түрде анықтау керек.

– Біз әкімдердің адамдардың әл-ауқатын жақсартуға қосқан үлесін нақты бағалау критерийіне көшеміз. Индикаторлардың орындалу мониторингі тұрақты болады. Біз онлайн режимінде динамиканы көріп, қорытынды жасаймыз, – деді Олжас Бектенов.

Бұған дейін Қазақстан халық партиясы Үкімет пен әкімдерді азаматтардың өміріне еш оң әсері жоқ әдемі цифрлық көрсеткіштері үшін бірнеше рет сынға алған болатын.

– ЖІӨ-нің өсуі қарапайым адамдардың әл-ауқатына еш әсер етпейді. Ол жай ғана әлеуметтік-экономикалық даму болжамының базалық көрсеткіші. Маңызды әрі ақпараттық индикаторларға халықтың нақты табысы, шикізаттық емес сектордың жай-күйі, білім беру саласындағы көрсеткіш сияқты индикаторлар жатады. Оның ішінде Қазақстандағы жұмыссыздық мәселесін ерекше атап өткен жөн, – дейді фракция басшысы Магеррам Магеррамов.

Депутаттар әлеуметтік көрсеткіштердің төмендігін халықтың басым бөлігінің табысының өсуі өмір сүрудің нақты құнынан артта қалып, қоғамның материалдық стратификациясы тереңдеп, жұмыспен қамту азайып, азаматтардың несиелік қарызының өсуінен байқауға болатынын айтты. Осы ретте жергілікті биліктің өзіне сеніп тапсырылған елді мекен тұрғындары алдындағы жауапкершілігі маңызды рөл атқарады. Сондықтан әкімдердің жұмысын әдемі статистика бойынша емес, нақты нәтижелер негізінде бағалау қажет.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy