Астанада Орталық Азиядағы әлеуметтік кәсіпкерлердің бірінші құрылтайы өтті.
Алғаш рет Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Түрікменстан елдерінен келген әлеуметтік кәсіп саласының көшбасшылары осындай іс-шарада бас қосты. Құрылтайға 300-ден астам әлеуметтік кәсіпкер, сондай-ақ мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, азаматтық белсенділер қатысты.
ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, елімізде 600-ден аса әлеуметтік кәсіпкер бар. Мүгедектігі бар адамдарға қолдау күшеймек. Мәселен, 5 млн теңгеге дейін мемлекеттік гранттар беріледі. Іскерлік байланыстар мен бизнес жүргізу бойынша ақпараттық қолдау да болады. Себебі әлеуметтік кәсіпкерлердің басым бөлігі экожүйе бойынша кәсібін дамытуда.
Форум жұмысына қатысқан Қазақстан Халық партиясының парламенттік фракция мүшесі, Мәжіліс депутаты Кенжеғұл Сейітжан «әлеуметтік кәсіпкерлерге көмек емес, қолдау жасау керек» деген ойды қозғады.
– Үкіметтің міндеті – әлеуметтік кәсіпкерлікке қолдау жасау, ал Парламент осы қолдаулар жүзеге асатындай, әлеуметтік кәсіпкерліктің құлашын жайып қызмет етуіне толық мүмкіндік беретін заңдар қабылдауы керек, - деді К.Сейітжан. – Ал кәсіпкерлер Үкіметке қол жайып, қол қусырып, көмек сұрамауы керек, еңбек етіп, әрекет жасауы керек.
Форум аясында сарапшылар Орталық Азиядағы табысты әлеуметтік кәсіпкерлік жобалардағы тәжірибесімен бөлісіп, әлеуметтік кәсіпкерлік арқылы саладағы мәселелерді шешуде инновациялық тәсілдер, әлеуметтік кәсіпкерлерді қолдаудағы мемлекеттің рөлі, әлеуметтік бастамаларды қаржыландыру тетіктері туралы талқылаулар жасады. Жиынның маңызды тақырыптарының бірі Орталық Азия елдерінің әлеуметтік кәсіпкерлері, мемлекеттік органдары мен бизнес-қоғамдастығы арасындағы әріптестік қатынастарды нығайту мәселелеріне арналды.