Кәсіподақтар Еңбек министрлігінің бастамаларымен келіспейді

dep.jpg

Тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындары қызметкерлерінің салалық кәсіподақтары Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің (ЕХӘҚМ) зиянды және қауіпті өндіріс қызметкерлеріне мерзімінен бұрын зейнеткерлікке шығуға мүмкіндік беретін төлемдерді енгізу жөніндегі бастамаларын сынға алды. Кеншілер мен металлургтер ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа тиісті ашық хат жолдады.

Қазақстандық кәсіподақтар 20 жылдан астам уақыттан бері зиянды және қауіпті жағдайда еңбек ететін жұмысшылар үшін жеңілдіктер мен әлеуметтік кепілдіктерді қалпына келтіру үшін күресіп келеді.

– Қазақстан посткеңестік республикалардың ішіндегі осы жеңілдіктер мен кепілдіктерді жойған жалғыз ел, - делінген хатта. - Біз бұл мәселенің оң шешілуі кәсіпорындарда кәсіби аурулардың пайда болу қаупін төмендетіп, өндірістік жарақаттану деңгейін азайтуға мүмкіндік беретініне сенімдіміз.

Еңбек ұжымдарының ЕХӘҚМ өкілдерімен кездесуінен кейін кеншілер шенеуніктер ұсынған әлеуметтік қолдау тетігі олардың мүдделеріне жауап бермейтінін және барлығы үшін әлеуметтік төлемдерге де кепілдік бермейтінін жеткізді.

– Кездесулер мүдделі тұлғалармен нақты жағдайды талқылаудың орнына Еңбек министрлігінің мүлдем қисынсыз ұсыныстарын біржақты баяндауға айналып кетті, - делінген хатта. - Ауыр еңбек жылдарында денсаулығына айтарлықтай зиян келтірген жұмысшылардың мемлекеттен күткені мұндай қолдау емес!

Өз үндеуін аяқтай келе, кеншілер заң жобасын тау-кен металлургия саласы кәсіподақтарының пікірлерін ескере отырып пысықтауды қажет ететінін мәлімдеді және нақты сектордың он мыңдаған жұмысшыларының талап-тілектерінің ескерілетініне сенім білдірді. Хатқа «Qazaqmetal Kásipodaǵy» қазақстандық тау-кен металлургия салалық кәсіптік одағы» ҚБ, «Тау-кен-металлургия кәсіпорындары және аралас өндіріс еңбеккерлерінің «КәсіпҚорған» салалық кәсіптік одағы» ҚБ және басқалары қол қойды.

Бұған дейін ЕХӘҚМ зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт жұмыс істейтін азаматтарға арнайы әлеуметтік төлемді (АӘТ) енгізу мәселелері бойынша жаңа заңнамалық түзетулерді таныстырған болатын. Арнайы әлеуметтік төлемнің (АӘТ) арқасында жұмысшы өз қалауы бойынша 55 жасында зейнеткерлікке шыға алады.

Қазақстан Халық партиясы зиянды және денсаулыққа қауіпті жағдайларда еңбек ететіндер үшін зейнеткерлікке мерзімінен бұрын шығу мәселесін бірнеше рет көтеріп, бұл жөнінде өздерінің заңнамалық бастамаларын да ұсынған болатын.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy