Қазақстан Халық партиясы парламенттік фракциясының депутаттары Есіл ауданының Халыққа қызмет көрсету орталығының ұжымымен кездесу барысында заңдардағы қайшылықтар мәселесін талқылады. Іс-шара мәжілісмендердің Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында өтті.
Жалпы ХҚКО ҚХП депутаттарына жағымды әсер қалдырды. Аудандық филиалдың сапалы материалдық-техникалық базасы бар және толық штаттық персоналмен жасақталған. Еңбекақыны көтерудің арқасында мекеме өткен жылы маман тұрақтамау мәселесін шешуге қол жеткізді. Алайда, ХҚКО қызметкерлері үшін кеңейтілген әлеуметтік пакет мәселесі әлі күнге шешімін тапқан жоқ.
– Біздің партия ХҚКО қызметкерлерінің мемлекеттік қызметшілер сияқты жеке мәртебесі болуын ұсынды, - деп түсіндірді ҚХП депутаты Ислам Сұңқар. - Сонда олар мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларына қатыса алар еді және т.б.
Халық партиясының түзетулерін Мәжілістегі әріптестері мақұлдамады, алайда партия мүшелері бұрынғысынша мұндай нормалар қажет деп есептейді. ХҚКО қызметкерлері де осымен келіседі.
– ХҚКО қызметкерлері жауапкершілік деңгейі бойынша мемлекеттік қызметшілерге теңестірілген, - деп нақтылады Ислам Сұңқар. – Дей тұрғанмен, олардың мемлекеттік қызметкерлерге сәйкес әлеуметтік пакеті жоқ. Мұндай тәсіл, әрине, өте әділетсіз.
ҚХП депутаттары өз көзқарастарын заңнамалық деңгейде одан әрі ілгерілетуге ниетті.