Мәжіліс кітапханасы заңнама және құқық бойынша қазақ тіліндегі жаңа басылымдармен толықты. Бұл әдебиеттің басты ерекшелігі - ол зағип және нашар көретін оқырмандар үшін Брайльдің бедерлі-нүктелі қарпімен басылған.
Қарағанды қаласының мамандандырылған кітапханасы Парламентке осындай сыйлық жасады. Барлығы 20-ға жуық кітап берілді. Сыйлықтың символикалық лентасын Қазақстан Халық партиясынан сайланған Мәжіліс депутаты, ҚР Президенті жанындағы Халықтың әлеуметтік осал санаттарының құқықтары жөніндегі уәкіл Кенжеғұл Сейтжан кесті.
– Бұл кітаптарда ҚР Конституциясы, түрлі конституциялық заңдар, Мәжіліс пен Сенат депутаттарының жұмыс регламенті және т.б. басылған, - деп атап өтті Кенжеғұл Сейтжан. – Құнды кітаптар осында сақталады, қажет болған жағдайда оларды Парламент депутаттары да, қызметкерлері де, қонақтары да пайдалана алады.
Мәжіліс депутаты әрі омбудсмен осындай маңызды, қажетті де, пайдалы, бағалы сыйлық жасағандары үшін қарағандылықтарға шын жүректен алғыс айтты.