Алматының Тау-Самалы шағын ауданында 4 адамнан тұратын отбасы лай көшкінінің астында қалды. 7-8 ақпанға қараған түні жүрген лай көшкіні отбасылық жұпты және екі егіз жасөспірімді үйімен бірге басып қалды.
Қазір апат орнында ТЖМ қызметтері жұмыс істеп жатыр, аумақты балшық-топырақ массивінен тазалап жатыр, аумақты полиция қоршауға алған. Көшкін көлемі 3200 текше метр болды. Жақын маңдағы үйлердің тұрғындары эвакуацияланды, қаза тапқандардың денелері үйінділерден табылды, туыстарына қажетті психологиялық көмек көрсетілуде. «Қазселденқорғау» мамандары анықтағандай, көшкіннің себебі тау беткейінің ортаңғы бөлігіне тартылған су құбырының бұзылуынан болған топырақтың шамадан тыс ылғалдануы.
Жергілікті тұрғындар жер көшкінінен үнемі қорқатынын және сумен қамтамасыз етудегі проблемаларға шағымданатынын айтады. Олардың айтуынша, тау бөктерінің құрылысы мен инженерлік желілерді жүргізу кезінде тиісті нормалар өрескел бұзылған. Алайда әкімдікке және ТЖД-ге осы мәселені айтқанмен, ешқандай нәтиже болмаған.
Қазақстан Халық партиясы қала тұрғындары үшін қауіпті, жергілікті жердің географиялық ерекшеліктерін ескермей орындалған Алматыдағы құрылыс мәселесін бірнеше рет көтерген болатын. ҚХП парламенттік фракциясының депутаттары оңтүстік астанадағы жекеменшік және көпқабатты тұрғын үйлер тектоникалық сейсмикалық қауіпті жарықшақтарда, селден қауіпті және су басуы мүмкін учаскелерде, жылжымалы топырақты тау бөктерінде тұрғанын да қаншама рет мәлімдеді.
– Біздің ұсынысымыз: Үкімет құрылысқа рұқсат құжаттарын берудің заңдылығына ерекше назар аударуы керек, - деп атап өтті бұған дейін депутаттық сауал жолдаған ҚХП-дан сайланған депутат Ислам Сұңқар. - Сондай-ақ - стандарттарды, регламенттерді, құрылыс нормаларын қайта қарау және ҚР ТЖМ мамандарының жобалау-сметалық құжаттаманы дайындауға, құрылыс барысын бақылауға және тұрғын үйлерді пайдалануға қабылдауға қатысуын қарастыру керек.
Ислам Сұңқардың пікірінше, адам өліміне әкелген қазіргі ТЖ бұл инженерлік және құрылыс нормаларын елемеудің салдарынан болып отырған оқиға. ҚХП фракциясы өз бастамалары мен ұсыныстарын әзірленіп жатқан Құрылыс Кодексі мен қала құрылысы заңнамасы аясында енгізуге ниетті. Қазір фракция мамандармен сараптамалық кездесулер өткізуде.
– Бұл нормалар жеке тұрғын үй құрылысына да, көппәтерлі тұрғын үй кешендеріне де қатысты болады, - деп нақтылады Сұңқар.
Алайда, өкінішке қарай, сәулет, көлік және басқа да қалалық инфрақұрылымды дамыту мәселелерін қамтитын Қала құрылысы Кодексінің орнына парламентшілерге Құрылыс Кодексі ұсынылды.
– Таяудағы жер сілкінісін ескере отырып, болып жатқан апаттарды айта отырып, жағдай өзгереді және қала құрылысы туралы ережелерді енгізу туралы бастама жақын күндерде көтеріледі деп үміттенеміз, - деп атап өтті депутат. – Бұл мәселені екі заң жобасын бір заң жобасына, айтайық, қала құрылысына біріктіру жолымен, немесе жеке, қала құрылысы заңнамасын әзірлеу жолымен шешуге болады.