Қазақстан халықтық партиясы кәсіпкерлікті дамытуға өтеусіз гранттар беру бағдарламасының шарттарын қатайтуға басынан қарсы болған бірден бір ұйым. Өкінішке орай, жаңа ережелерді енгізу халықтың әлеуметтік осал топтарын қаржыландыруға кері әсер етіп, тиісінше жеке отбасылық бизнес құру мүмкіндігін тоқтатты.
ҚХП депутаты Гауһар Танашева атап өткендей, бастапқыда бағдарламаның маңызды бағытның бірі аз қамтылған отбасыларға кедейліктің шегінен шығу мүмкіндігін беру болатын. 2021-2022 жылы аталған бағдарлама бойынша 7 277 миллион теңгеге 1 874 грант бөлінді. Оның ішінде әлеуметтік осал топтарға 2 339 млн теңге болатын 653 грант берілді. Алайда, Үкімет 2021–2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың Ұлттық жобасы аясында жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік гранттар беру қағидаларына өзгерістер енгізді.
Бұрын Ережеде бизнес-жобаны жүзеге асырудың міндетті шарты кәсіпкер грантының кемінде 10%-ы көлемінде жүзеге асыруға жұмсалатын шығындарды бірлесіп қаржыландыру болса, қазір бұл көрсеткіш 20%-ға артып, болашақ кәсіпкерлер үшін қолжетімсіз болып қалды. Сондай-ақ, кәсіпкерлерге «Бастау Бизнес» жобасы бойынша жаңа бизнес-идеялар ұсыну және оқудан өту талап етілді. Егер бұрын кейбір критерийлер халықтың әлеуметтік осал топтарына (ХӘОТ) қатысы болмайтын, қазір осы айтылғанның барлығы оларға міндетті болып қалды.
ҚХП фракциясы Ережеге енгізілген жаңа өзгерістер ХӘОТ-дың отбасылық бизнесін дамытуға грант алуын қиындатады деп есептейді және қаржыландырудың бұрынғы шарттарын қайтаруды ұсынады.