Өңірлерге жұмыс сапары аясында Қазақстан Халық партиясы парламенттік фракциясының депутаттары Солтүстік Қазақстан облысы, Қызылжар ауданы, Бескөл ауылындағы «Парасат» мектеп-лицейінде болды.
«Парасат» - осы ауданда ашылған қазақ тілінде оқытатын алғашқы мектеп. 2010 жылдан бастап ол лицей мәртебесіне ие. Оқушылар мен педагогтар түрлі облыстық, тіпті республикалық жарыстарға белсене қатысып, ғылыми жобалар дайындайды.
– Жетістіктің бірі ретінде мектептің 48 миллион теңге көлемінде грант жеңіп алғанын айтуға болады, - деп атап өтті ҚХП депутаты Ислам Сұңқар. - Бұл оларға материалдық-техникалық базаны қамтамасыз етуге, заманауи оқу кабинеттері мен зертханалар ашуға көмектесті.
Педагогтармен кездесу барысында депутаттар мектептің ағымдағы жұмысымен танысып, білім беру, жоғары сынып оқушыларын кәсіптік бағдарлау мәселелерін талқылады.
– Бұл назар аударуға лайық өте өзекті проблема, - деп атап өтті мәжілісмендер. - Экономиканың көптеген салаларында қазір білікті маман тапшылығы өте қатты сезілуде.
Осы «Парасат» мектебінде парламентарийлер жұртшылықпен және аудандық мәслихат депутаттарымен кездесті. Жиынға қатысушылар мүгедектігі бар адамдар үшін жеңілдікпен жол жүру мен инклюзивті орта қалыптастыруды және медицина кадрларын даярлаудағы қиындық тудырып отырған мәселелерді талқылады.